Сәуір айының 20 күні Үштөбе қаласында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің күрес залында аудандық «Қаратал бөрісі» іріктеу турнирі өтті. Балуандар Алматы облысының әкімінің жүлдесі үшін өтетін «Жетісу бөрісі» облыстық турниріне жолдаманы сарапқа салды.
Жарысқа ауданның қала мен ауыл округінен 12 спортшы қатысып, бағы мен бабын сынады. Жарыс олимпиада жүйесі бойынша, ережеге сай өткізілді. Боз кілемге шыққан балуандар аянып қалмай, бар күш-жігерін салып күресті. Әбжіл әдіс жасап қарсыласын қапы қалдырғанда да, қара күшке салып омақасы асырғандар да болды. Аса тартысты өткен сайыта 1орынды Үштөбе қаласының балуаны Ерасыл Бигалиев жеңіп алды. Қалалық тағы бір балуан Дурсун Хосен–оглы 2 орынды еншілесе, Айту би ауыл округінің балуаны Нұрлан Курмашов 3 орынды иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы кубок, медаль, диплом және қаржылай сыйлықпен марапатталды. Бір айта кетерлігі, осы сайысқа «Айдын» ЖШС басшысы Макет Ниязбеков және «Нан зауыты» ЖШС басшысы Бауыржан Ахметбаев демеушілік жасады.
Осылайша, жеңімпаз Ерасыл Бигалиев Алматы облысының әкімінің жүлдесі үшін өтетін «Жетісу бөрісі» облыстық турниріне жолдама алды.
А. Бақытұлы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here