(ертегі)
Сарыарқа төсінде бір бозбала тайына мініп шауып келе жатты. Дігідік-дігідік! Дігідік-дігідік! Ертоқымға байланған қоржынында бір дорба асығы бар. Қолындағы қамшысын үйіріп, қиқулай зымырап келеді! Кенет қайдан тап болғаны белгісіз, жолына кәрі мыстан кесе-көлденен тұра қалады. Боларбек атты бозбаланың астындағы тайы көкке шапшып, екі аяғын жоғары көтеріп, шыңғырып жіберді.
— Қайда бара жатырсың, батырым! – деп мысқылдай күлді кәрі мыстан. Шашы алба-жұлба, тырнақтары сояудай, белі бүкір екен.
— Онда сенің шаруаң қанша?! Жолымды бөгемей былай тұр! – дейді бозбала.
— О, қоржының қампиып тұр ғой, ішінде не бар? Қане, көрсетші маған!
— Қоржынымда асық бар. Інілеріме апара жатырмын. Олар қаладан келген. Асықтың не екенін ұмытып қалыпты. Інілеріме асық ойнауды үйретуге асығып барамын, — дейді бозбала.
— Ә-ә, әкетіп бара жатқаным құнды дүние де! Кәне, жаныңның барында асықтарыңды бері әкел! Әйтпесе… мына жолдағы балбал тастарды көрдің бе? Өзіңді тасқа айналдырып жіберемін, — деп кәрі мыстан тайдың шылбырына жармаса кетеді.
— Мә, саған кәрі мыстан! Саған балалардың ойыншығына жармасқанды көрсетейін, — деп бозбала қолындағы қамшысымен мыстанның арқасынан салып-салып жібереді.
— Ойбай! – деп айғай салады мыстан. Дауысы жер-көкті күңірентіп салады. – Бұл не өзі? Арқама аяздай батты ғой.
— Бұл – қамшы. Атам жасап берген. Қане, енді жолымнан былай тұр! Әйтпесе мүрдем кетесің.
Бозбаладан қалағанын күшпен ала алмайтынын білген мыстан қулыққа көшпек болады.
— О, жігітім! Бір ашуыңды маған бер! Мен байқұс қайбір жақсы тәрбие көрді дейсің. Көзімді ашқалы елді алдау, арбаудан басқа түк те көргенім жоқ. Жалбыр шаш анам маған бала күнімнен тек жамандық жасауды үйретті. Дию әкем қара күш иесі еді. Адамдарды таспен атқылап, қойларын барымталап әкететін. Осындай нашар отбасында тәрбиеленген менде қасиет болсын. Өмірімде бір жақсылық жасап көрмеппін. Сенің келетініңді күні бұрын сезіп, міне мына ғажайып шөпті атына арнайы дайындап қойып едім, өзі қолыңмен берсең қайтеді? – деді мыстан қиылып. Үлкен кісінің көңілін қимаған бозбала қамшысын ауызына қыстырып, қос қолымен шөпті алмақшы болады. Мұның әр қимылын қалт жібермей қарап тұрған мыстан қас-қағым сәтте бозбаланың ауызындағы қамшысын тартып алады.
— Ха-ха, осы адам баласы деген сонша аңқау болар ма? – дейді мыстан мысқылдап. – Үнемі біреулерге жандарың ашып, содан кейде опық жеп жүресіңдер.
Кенет мыстан сиқырлы таяғымен жерді түртіп қалғанда бір ғажайып құдық пайда бола кетеді. Мыстан қамшыны құдықтың шыңырауына тастап жібереді. Бозбаланың қолы жыбырлап кетеді. Астындағы тай үркіп, кісінеп қоя береді. Сөйтсе ғажайып шөп кішкентай жыландарға айналып кетіпті. Баланың зәресі ұшып, мыстанның шашындай жіңішке жыландарды жерге тастай салады.
– Ей, кәрі мыстан! Қане, жаныңның барында қамшымды қайтар, — дейді бозбала ашуланып.
— Хе-хе, қолыңда қамшың жоқ, жанымды қалай шығармақсың?! Көп сөйлемей, асықтарыңды маған бер! Әйтпесе, қамшыңмен мәңгілік қоштасасың, — дейді мыстан. Бозбала атасы дүниеден өтер кезде өріп берген қамшысы еді, атасының көзі, естелік ретінде бір елі жанынан тастамайтын.
— Жарайды, — дейді бозбала амалсыз келісіп. – Бірақ мыстан сен мынаны айтшы, саған қойдың қу сүйектері неге керек?
— Қу сүйек дейсің бе? Мен туғалы мың жыл өткен шығар. Сол кезде қазақтың балалары бұл асықпен ойнап жүрген. Міне, менің шашым ағарды. Бірақ балалар бұл керемет ойыншықпен әлі ойнап жүр. Қолдан жасалған платмасса қуыршақ, ағаш көліктер мені түк қызықтырмайды. Маған керегі осы асық, білдің бе? Егер мен балалар ойнайтын асықтың бәрін тартып алсам, қазақтардың бәрі қырағылықтан, ептіліктен айырылады. Ал епсіз, бейқам адамды алдау да, азғыру да оп-оңай, ехе-ехе, — деп мыстан кекете күлді.
— Сонда әке-шешелеріміз қолымызға бекер ұстатпаған ба? Балалар асық ойнап жүріп- ақ мергендікке, шапшаңдыққа үйренген бе?
— Дәл солай! – деп қарқылдап күлді мыстан. – Жә, көп сөзді қой да, мына құдыққа түс. Мөлдіреген суға жете бергенде батыс жаққа қарасаң, есіктің тұтқасын көресің. Әрі киіз үй секілді дөп-дөңгелек бөлме шығады. Бұл — мыс бөлме. Мыс бөлмедегі мыс теңгелерді қалағанынша ал. Сен маған сол бөлмедегі қарғыбауды ал. Екінші бөлмеге кірсең, күміс алқалар мен жақұт тастар бар. Өзіне қалағанын ал да, маған томағаны ал. Ал, үшінші болмеге енсең, алтын теңгелер мен небір маржан тастарды көресің, қанша аламын десең де өз еркің. Бірақ маған әкелер қайыс шылбырды ұмытпа, — дейді мыстан.
Жігіт құдықтың ішіне түседі. Суға жете бергенде қараңғы шұңқырды қолымен сипалап, тұтқаны тауып алады. Есік ішке қарай ашылып, бір ұзын дәлізге тап болады. Бір қызығы, дәліз айдың нұрындай жап-жарық екен. Дәліз үш есікке келіп тіреледі екен. Мыс есіктің есіктің маңдайында «Ішке кіргің келесе, мына мақалды жалғастыр, егер қателессең, құдықтан қайтып шыға алмайсың» деп жазылыпты. Кәрі мыстан маған жолда мынандай кезергі кездесетінін айтқан жоқ қой» деп ойлайды. Мақалда «Батыр туса ел ырысы, жаңбыр жауса…» деп аяқталыпты. «Жаңбыр жауыса, жер ырысы» дейді жігіт. Сол кезде есік ашылып сала береді. Жігіт мыс бөлменің ішінде мыстан жасалған патшалар шарап ішетін көзелер, ер адамдар тағатын сақина, мыс теңгелер қойтастай болып үйіліп жатыр екен. Жігіт мыстан айтқан қарғыбауды тауып алады. Бір бұрыштан бір кішкене сандықшаны көреді. Ішінде батырлар киетін дуылға, сауыты кішкентай нұсқасы кәдесый ретінде жасалыпты. Бозбала кішкентай кезінде батыр болуды армандап еді. Кәдесыйды мойнындағы добасына салып алады.
Сосын екінші есікті ашпақ болады. Маңдайшада «Көк ешкі көк шөп жеді, көп ешкі көп шөп жеді» дегенді 70 рет жаңылыспай және керісінше қайталап айту керек» деп жазылыпты. Егер мүлт кетсе, мылқау болып қалады екен. Бозбала бала кезінен жаңылтпаштарды жатқа айтатын. Сондықтан мүдірмей айтып шыққанда, алдынан сәуле жарқырап есік ашылды. Ішінде күміс теңгелер өзендей сусып ағып жатыр. Ол мыстан айтқан томағаны қалтасына салып алды. Кенет қабырғада елеусіз жабысқан шағын кәдесый тостақанның ішінде садақ, найза, қылыш пен қалқан, шоқпар, сүңгіні көріп, жауынгерлік қаруды алады. Үшінші есікке келгенде жұмбақты шеше алмаған мүрдем кетеді екен. Маңдайшасына «Апан-апан, ескі шапан, иір қобыз, жарық жұлдыз» деп жазылыпты. Бұл жұмбақтың шешуі «Түйе» депті бозбала. Сол кезде алтын есік ашылып, көзді арбап, жарқ-жұрқ етеді. Бозбала ішке еніп, алтын еденде шашылып жатқан есепсіз алтынды, небір меруерт тастарды көреді. Бірақ алтынан да бағалы зат алғысы келеді. Ол мыстан айтқан қайыс жүгенді тауып алады. «Қызық, кіл алтынның арасында қайыс жүген неге жатыр? Бұл тегін жүген болмауы керек?» деп ойлайды. Кенет қабырға ішіндегі мөлдір шыны ішінде тұрған кобдишаны көреді. «Осыншама байлық тұрғанда алтын қобдишаның ішіне ертегі кітабын жасырған кім болды екен?» деп күліп жібереді. Бозбала кері қайтып, құдықтың ауызында тұрған мыстанға:
— Ұзын арқанды түсіріп, мені шығарып ал, — дейді. Мыстан он үш құлаш арқан жібереді. Бозбала арқанды беліне байлап, олжаны дорбасына салады. Құдық түбіне түсіп кеткен қамшысын да тауып алып, етігінің қонышына жасырып қояды.
— Ойбай, қанша алтын, күміс алғансың, мықшыңдап тарта аламай жатырмын. Әуелі маған мен сұраған қарғыбау, томаға, жүгенді беріп жібер, әйтпесе көтере алар түрім жоқ, — дейді мыстан. «Бәлесін қарай гөр» — деп ойлады бозбала. – Қалағанын алып, мені шаң қаптырып кетпекші. Олай бола қоймас».
— Арқанды тезірек тарт, қолым талып барады. Әйтпесе, қолымдағы бар олжаны түсіріп алармын, — дейді бозбала. Мыстан қос аяғын құдыққа тіреп, жотасынан тер шыққанша шірене тартады. Жер бетіне шыққан соң мыстан жігіттің алтын-күміс емес, өзіне кәдесый мен кітап алып шыққанын көріп, қызғанып қалады.
— Кәне, мен сұраған дүниелерді бері әкел! — деп Мыстан бұйыра сөйлейді.
— Әй, мыстан, мына қарғыбау, томаға, жүген саған не үшін керек, соны айт! – дейді бозбала.
— Онда сенің шаруаң болмасын, — деді мыстан.
— Айтпақшы, менің артымнан сенен аумайтын бір мыстан, арқаныма жабысып, жер бетіне шығып келе жатқан, — деді бозбала.
— Ой, ой менің жер асты патшалығына түсіп кеткен әпкем шығар, — деп мыстан құдықтың ішіне қарай бергені сол еді, бозбала екі аяғын көтеріп, суға құлатып жібереді. Құдықтың бетін ауыр таспен бастырып қояды.
Сол кезде мыстан биіктен суық суға күпм етіп құлайды. Тастай қараңғы құдықта қарманып, суық судың бетіне шықпақ болып жанталасады. Бір кезде қолына есіктің тұтқасы ілінеді. Мыстан қуанып, жап-жарық бөлменің ішіне кіреді. Ол мыс есікке «Маған жер бетіне шығатын жолды көрсет» дейді. Мыс есік болса, «Егер Ертөстіктің атының атын айтсаң, жер бетіне шығаратын жолды көрсетемін» дейді. Бірақ мыстан аттың атын таба алмай, мәңгі қапаста қамалып, жер астында қалып қойыпты.
Бозбала жерге қараса, мыстанның айнасы түсіп қалыпты. Ол айнаның бетін демімен үрлеп, қайта сүртіп жібергенде бейтаныс бір қалаға тап болыпты. Бір қызығы, бұл жердің балалары қызық киініп алыпты. Бұл қазір біз секілді үстіне футболка, бұтына джинсы шалбар, аяғына кроссовки киген балалар екен. Олар бозбаланың бұрынғы ата-бабалары секілді көне киімдерді киіп алғанына таңғалады. Бозбала балаларды қуантпақшы болып қоржынындағы асықтарды үлестіріп береді.
— Балалар, бұл асық сендерге ойнай қойыңдар, — дейді бозбала.
Көзілдірік таққан бір бала ұялы телефонын шұқылап, ғаламторды ашып, «Гугл» атасынан асық туралы мәліметті іздей бастайды.
— Ой, мына сүйектер бізге неге керек? – дейді балалардың бірі.
— Мұнымен ойнау қызықты емес шығар, — дейді екіншісі.
— Бұл асықпен біздің ата-бабаларымыз ойнаған, әке-шешелеріміз ойнаған. Сонда сендер өздеріңе қымбат адамдар бала кезінде ойнап өскен ойыншықтан бас тартасыңдар ма?
— Білмейміз, ойнап көрген жоқпыз ғой, — деп күлімсіреді балалардың ішіндегі ересегі.
— Ой, мына қызықты қараңдар, бұл асықпен ертедегі перғауындардың өзі ойнапты ғой, — деді ғаламторды ақтарып отырған көзілдірікті бала. – Мұнда асық ойнының түр-түрі бар екен. Мына айфонды шұқылап, көзім ауырып кеті ғой. Балалар, асық ойнап көреміз бе?
Балалар желкелерін қасып, ойланып қалып еді.
— Бәрін мені менсінбей тұрсыңдар ма? – деді әлдекім. Бозбала мен балалар аң-таң болып, бір-біріне қарасты.
— Бұл мен – сақамын, — деді қызыл құлжа. – Сендер балалар, менімен неге ойнағыларың келмейді? Қайсыңның мерген, қырағы екенінді білгім келеді? Бір-бір телефон ұстап алып, бір-біріңмен ойнамасыңдар ғой өзі!
— Ой, сөйлеп тұрған асық па? – деп біреуі үрейленіп қалды.
— Қорықпаңдар, мен – балалардың досымын. Мұнда менен басқа қорғасын құйылған сақалар бар.
— Кәне, көрейікші, — деп балалар асықтарды иіріп, айналдырып көрді.
Бозбала шңбер сызып, ортасына асықтарды тізіп қойды. Сөйтіп, балалар сақамен асықтарды атып, ойын қызығына кірісіп кетті. Бірі асыққа дәл тигізгенін айтса, екіншісі шеңбер сыртына шығарғанына мәз. Тіпті, ойын қызығына кірісіп, ас ішуге барғысы жоқ. Шешелері балконнан айғайлап шақырған да ғана мойын бұрды.
— Мама, қазір барам, — деді асық ойнына тоймай, жанталаса өз кезегін күткен бала.
— Жарайды, осы ойын біткен соң тамақ ішіп келейік. Сосын қайта жалғастырамыз, — деді көзілдірікті бала.
Бұл кезде Боларбек айнаны қайта үрлеп, бетін сүрі-тіп жіберіп еді, қайта қазақ даласына нұр болып суылдай табанын жерге тигізді.
Бозбала еліне келсе жоңғарлар әкесін өлтіріп, шешесін тұтқындармен бірге алып кетіпті. Боларбек өлген әкесіне қайғырып, жылап отырады. Бір кезде жанына кішкентай бауыры мен қарындасы қос ұстасып келеді. Боларбек оларды көргенде қуанып, құшақтай кетеді.
— Аға, жоңғарлар әкемізді өлтіріп, шешемізді қол-аяғын кісендеп алып кетті. Біз екеуіміз тауға барып жуа теріп жүр едік. Таудың үстінен әскердің ауылды шапқанын көрдік. Олар киіз үйлерді өртеп, бас көтерер үлкендерді қырып кетті, — дейді.
Боларбек өз қатарлас жас жігіттерді жинап, жоңғарларға қарсы соғысқа аттанайық деп ұсыныс айтады.
— Боларбек, біз әлі жаспыз, бұғанамыз қатпаған бозбаламыз. Жау тағы қайтып келді. Сол кезге дейін соғыс тәсілдерін үйреніп, екі-үш жыл жасыра тұрайық. Осы қалпымызбен соғысқа кірсек, бәріміз мерт боламыз, — дейді Елеусіз. Он үш – он төрт жасар жігіттер де Елеусіздің сөзін құп көреді.
— Сенің айтқанын жөн, — дейді Боларбек. – Онда босқа уақытты өткізбей, тау арасына жасырынып, дайындала бастайық.
Сөйтіп, бозбалалар жаралы болған кәрі-жасты, әйелдерді қауіпсіз жерге көшіреді. Бірақ Боларбектің ойынан анасы кетпей қояды. Ол күні-түні садақ ату, қылыштасу, найза лақтыру, шоқпармен соғу, сүңгі бойлатуды шебер меңгереді. Көп ұзамай жолдастарына «Мен жоңғарлардың не жоспарлап жатқанын біліп келейін, анамды жаудан босатып алғым келеді. Үш күнде оралармын. Егер кешіксем, артымнан әскер жібермеңдер» деп аттанып кетеді.
Ол жоңғарлардың ордасына аттанады. Астына кезінде мыстан кемпір тоқтатқан шұбар тайын мініп, қару-жарағын асынып, аттанады. Күн жүреді, түн жүреді. Таңға жуық жоғарардың ордасына келіп жетеді. Бірақ қарауылдардың бірі мұны байқап қалып, садақпен астындағы шұбар тайын өлтіреді. Содан кейін мұның жан-жағынан жоңғарлар қоршап алады. Боларбек шама-шарқынша шайқасады. Бірақ көптің аты, көп емес пе, жау жалғыз жігітті тұтқынға алады.
— Сен мұнда жалғыз келдің бе? – дейді жоңғар әскерінің қолбасшысы.
— Иә, жалғыз келдім, — дейді Боларбек.
— Өтірік айтасың, сен барлаушы боларсың.
— Барлаушы да, шабулшы да өзіммін.
Бұл жауапты естіген жоңғарлар кеңкілдеп күледі.
— Ауылдағы бас көтерер еркектердің бәрін қырып кеткен едік, шайқасатын сен ғана қалған екенсің,- деп кекетеді жоңғар сарбаздары.
— Мен мұнда анам үшін келдім, — дейді Боларбек. – Анам қайда?
Жоңғар әскерінің қолбасшысы күлкісін тиып, қабағын түйіп:
— Сені – құл, анаңды — күн етеміз. Мынаны анасымен бірге зынданға тастаңдар, — деп бұйырды жаудың әскербасшысы.
Боларбек қараңғы қапаста жатқан анасымен қауышады. Анасы баласының тірі екеніне қуанып, көзінен жас саулайды. Баласы үп-үлкен жігіт болып қалса да баласын қатты сағыныпты.
— Анам, сізді қатты сағындым, — деді Боларбек.
— Мен де сені, іңің мен қарындасыңды сағындым. Жоңғарлар әкеңді өлтірді. Бізді де тірі қалдырмас, Сен неге келдің, құлыным!?
— Сізді құтқаруға келдім, анам! Қам жемеңіз, түн батқан кезде қашып шығамыз, — деді Боларбек.
Түн ортасы болғанда Болардек мойнында таққа кіп-кішкентай алқа тәрізді кәдесыйқолына алып, бетін үрлеп, қайта сүртіп қалғанда үстіне мыс сауыт киініп, бес қару пайда болады. Сөйтіп, Боларбек шоқпармен есікті бұзып жарып, күзетшілерді жайратып салды. Зынданнан шыққан шуды естіп қарауылдар ағылып, қоршамақ болады. Жігіт оларға садақпен асқан жылдамдықпен жебе жаудыра бастайды. Анасы да батырдың қызы еді, сүңгімен жауды сұлата береді. Белбатыр сыртқа шыққанда жүгенді үйкеп қалғанда тұрқы есік пен төрдей алып ат пайда болады. Аузынан от шарпып, кісінеген жылқыға анасы екеуі отырып алады. Томағаны үйкеп қалғанда үйдей қыран пайда болып, жауды тырнағымен бүріп-бүріп жібереді. Қарғыбайды үйкеп қалғанда көздері оттай жанған тайыншадай ит пайда болып, жау әскерінің алқымынан ала түседі. Жігіт қаладан шыға беріс қақпаға келгенде үлкен айбалтасын қақ жарып, ту сыртынан келе жатқан жаудың қарауыл басшысын найзамен түйрейді.
Сөйтіп, Боларбек жаудың ордасынан аман-есен шығып, анасын құтқарып қалыпты. Белбатыр өскенде жауға бес қаруды қолдануды әдетке айналдырыпты. Ал бейбітшілік заманда атқа мініп, тазы итімен аңды қуып, қыран құспен аң аулапты. Тоғыз өрімді қамшысымен малға тыным бермеген талай қасқырды қақ маңдайдан салып, олжасына айналдырыпты.
Белбатыр үйінің төріне әкесінің қамшысын іліп қойыпты. Егер осы қамшы болмағанда ертегіде айтылғандай ерлік жасай алар ма еді, кім білсін?
Асхат Өмірбаев

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here