Мал шаруашылығы-ауыл шаруашылығының негізгі саласы, халқымыздың ата кәсібі. Жас буынның ата кәсіпке қызығушылығы қандай? Бұл саланың маңыздылығы неде?

Ауыл шаруашылығында соңғы жылдары біраз оңды үрдіс байқалуда. Біріншіден, экономиканың көп түрлілігі тұрақты сипат алды.
Барлық аймақтарда шаруа қожалықтары мен корпоративтік түрдегі кәсіпорындар, шаруашылық серіктестіктер арасында оңтайлы арақатынас қалыптасты.
Екіншіден, ауылды жерде біртіндеп аграрлық қызмет көрсету, өнімді өңдеу және сату саласы қалыптасуда, ондағылар негізінен фермерлермен өзара тиімді экономикалық шартпен жұмыс атқаруда. Қазіргі кезде азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін қолайлы үрдіс деп үй шаруашылығы секторында өндірістің өсуін және оның ұсақ тауарлы шаруашылыққа айналуын айтуға болады. Мұның өзі еліміздің көпшілік аймағында халықтың өзін-өзі қамтамасыз етуін жақсартты. Мал басының тұрақты өсуі байқалды.
Қаратал ауданы — мал шаруашылығы өркендеген өңірлердің бірі. Елімізде іске асырылып жатқан түрлі мемлекеттік бағдарламаларға үлес қосып, облыста алдыңғы орынға тұрақтаған ауданымызда мал төлдеу науқаны да сәтімен аяқталып келеді.
Көктемнің қызу науқаны төл алу жұмыстарының атқарылу барысын білмек боп қожалықтарға хабарласқан едік. Ерте көктем шыға малдарын төлдете бастаған қараталдық шаруаларға биылғы көктемнің тосын мінезі тосқауыл болмаған сыңайлы. Еңбектің көзін тапқандар пайда тауып, жаңа жағдайға бейімделіп, жаңа жұмыс орындарын ашып, шаруаларын дөңгелетіп, көш басынан көріне бастағаны анық. Мына заман пайда табам дегендерге кең жол ашып қойғанын көз көруде. Соған сай әр адам өз нанын әр саладан тауып жеп жүр. Дегенмен де, «Қазақтың жаны-алдындағы малы» деп түсінгендер атадан балаға мирас болып қалған атакәсіп мал шаруашылығын өркендету ісін қолға алып жатқандар да баршылық. Солардың бірі – Қаратал ауданы, Бәйшегір ауылындағы жас та болса шаруаны шырқ үйіріп жүрген кәсіпкер «Диас» шаруа қожалығының басшысы Әбдікеримов Диас Асхатұлы. Аталмыш шаруашылықтарда мал төлдету науқаны қыза түскен. Қазірде төрт түлігі сай шаруаның 60-70 бас жылқысы, 200 сиыры және 200ге жуық қой мен ешкісі бар әрі малын 500 гектар жайылым жерге жаяды.
— Атакәсіп демекші, мен айналысып отырған кәсіп атамнан қалған десем де болады. Мемлекет тарапынан 90 бас аналыққа қайтарымсыз ақша, яғни субсидия алып отырмын. Малмен айналысу мен өте бір қиын шаруаның бірі десем артық айтпас едім. Сабырлық пен төзімділікті және ептілікті қажет ететін бұл кәсіптің қыр-сыры өте көп. Қыстың қатты аязында, жаздың аптапты ыстығында мал қараудың өзі оңай емес. Біздің ауыл мал өсіру үшін өте қолайлы, себебі топырағы құнарлы болғандықтан шөбі шүйгін, суы мол. Жалпы біздің шаруашылықта төл алу жұмыстары ойдағыдай орындалуда. Былтырға қарағанда төл өсімі әлдеқайда көбірек болады деп күтілуде. Өйткені мал қыстағы ешбір қиындықсыз жайлы өтіп, қысқа дайындалған жемшөп артығымен жетті. Шаруашылықта биылғы төл алу науқаны да аяқталуға таяу. Жыл басынан жалпы саны 55-60 ірі қара малдан төлдеді. Ал қойдың басым көпшілігінен төл алынды. Бұл жауапты кезеңде малшылар да өз үлестерін қосып жатыр. Қазіргі таңда аталмыш шаруашылықта көлтабандарға су жіберу жұмыстары жүргізіліп, қысқы мал азығын дайындау жұмыстары басталып кетті,- дейді малсақ жан Диас Әбдікеримов.
Қазақтың капиталы-оның алдындағы малы. Еңбектің көзін тапса, одан да пайда табуға болатынын осындағы еңбек адамдарының тірлігінен байқадық. Демек, нақты еңбек нәтижесіне жетудің бірден бір көзі оның дұрыс ұйымдастыра білуінде жатыр. Ал осы қасиетті бойына сіңіріп, еңбектің ебін тауып жүрген осы азамат әлі талай асуларды бағындыратынына деген сенім мол. Малды ауылдағы тірлікті көзбен көрген біз осы ойлардың жетегінде қайттық.
Салтанат Серікбайқызы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here