* Ұлы даланың жеті қыры

«Металл өндірудің амал-тәсілдерін табу тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгертті. Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі»
Нұрсұлтан Назарбаев.
«Ұлы даланың жеті қыры».

Ежелгі металлургияның отаны — Қазақстан. Біздің бұлай айтуымыздың өзіндік себебі бар. Қазақ тарихшылары әйгілі «Ұлы жібек жолы» торабынан бұрын «Мыс жолының» болғанын, сауда керуендері Ұлытау жерін басып өткенін айтады. Иә, бұл дәйек негізсіз де емес. Осынау жердегі Талдысай қонысы — соның айқын дәлелі. Ерте қола дәуірінде ата-бабаларымыз осы киелі өлкеде мыс балқытып, түрлі бұйымдарды дүниеге әкелді. Бірер жыл бұрын қазақ ғалымдары шахталық тәсілмен жұмыс істейтін жер асты пештерін тапқан еді. Тарихшы, археолог Ғабдол Әуезовтың айтуынша, қазақ халқы, яғни, көшпенділер тек қана мал бағып, егін егіп қана қоймаған, сондай-ақ металлургияны да игеріп, тұрмысқа қажетті түрлі бұйымдар жасаған.
Иә, ежелгі қазақ жерін мекен еткен Ұлы дала ұландары дүние жүзінің материалдық әрі рухани мұрасына өшпес із қалдырып, көшпелі өркениет пен отырықшылдық мәдениет тоғысында оның түп-қазығын жасалды. Көшпенділер өркениеті дүние жүзінің картасына айтарлықтай өзгерістер енгізіп, материалдық мәдениет пен рухани мұралардың бай қазынасын қалдырғаны тарихтан белгілі. Айталық, бабаларымыз кенге бай даламызда 4 мың жыл бұрын металл қорытқан. Оның сыртында қазбалардан табылып жатқан, одан қалды қазіргі қолданыста жүрген немесе музей экспонаты ретінде сақтаулы тұрған қолданбалы өнер бұйымдары қаншама. Олардың жасалу стилі мен көркемдігі әлі күнге толық зерттеле қойған жоқ.
Белгілі академиктер Қ.Сәтбаев пен Ә.Марғұлан өз зерттеулерінде Орталық, Солтүстік және Шығыс Қазақстан аймақтары ежелгі дәуірлерде металлургия өндірудің ірі орталықтары болғандығын айтады. Әсіресе, Орталық Қазақстандағы «Қырық шұрық», «Қалайы қазған», «Мың шұңқыр», «Бес шұрық», «Жезқазған», «Кенқазған», «Ұста», «Қара темір» және «Теміртау» секілді кен орындары алғаш рет қола дәуірінде пайда болып, кейбір кеніштерді игеру орта ғасырлар мен кейінгі кезеңдерге дейін жалғасқандығы жөнінде деректер кездеседі. Қола дәуірінің тұрғындары осы өңірдегі кен орындарынан металдың қола, қалайы секілді түрлерін өңдеп, өздерінің кәделеріне жарата білді. Ұлан-ғайыр далада металды игеріп, адамзат тұрмысында пайдалану үрдісі сақ дәуірінде қарқынды дамыды. Мәселен, грек жазбаларында сақ, сармат, массагеттердің елінде мыс пен алтын қорының мол екендігі және олардың металл өндіруді жетік меңгергендігі айтылады. Ал Геродот пен Страбонның жазбаларында «Азиялық скифтерде алтынның молдығы сонша, олар басынан аяғына дейін алтын әшекейлермен апталған бай киімдер киеді және астындағы аттарының да ер-тұрмандары алтындалған» дейді.
Сан алуан метал түрі Алтай өлкесінде қола, сақ заманынан бері өндіріле бастағанын белгілі археолог С. Руденко Алтай өңірінде зерттеу жұмыстарын жүргізгенде көз жеткізеді. Аталмыш аймақ ежелден металлургияның ірі орталықтары екендігін, әрі алтын қорының мол болғандығын айтады. Алтайдағы сақ дәуіріне тиесілі – Аржан, Берел, Шілікті қорғандарынан көптеген алтын бұйымдар табылып көзқуанышқа айналды. Елбасы өзінің мақаласында да Алтайға баса назар аударуының себебі, Алтай – сақ дәуірінен бері түгел түрікке алтын бесік болуымен қатар, ірі металлургия орталығы екендігімен байланыс­ты болса керек. Белгілі түрколог Н.Я.Бичурин: «Алтай тауы қытай жылнамаларында Цзинь-шань деп хатталған, мағынасы Алтын тау» (түрк-моңғолша «алтан» алтын дегенді білдіреді) – деп тұжырымдайды. Сол себепті ежелден халық арасында: «Алтайдың сай-саласы түгел алтын», деген ұғымның сақталуы да кездейсоқ болмаса керек-ті. Металл өңдеу, оның ішінде темір, қорғасын, алтын қорыту істері Түрік қағандығы дәуірінде қарқынды дамыды. Байырғы түрктердегі металлургияға қатысты деректер түрктердің тарих сахнасына шығу кезеңімен тығыз байланысты. Ол туралы қытай жылнамаларында Алтай тауына қоныс аударған Ашина түрктері әуелде Жужан империясына саяси тәуелді болып, салық ретінде темір өндіріп отырғандығы айтылады. Тарихи құжаттарда Жужандардың билеушісі Анахуанның түріктерді «менің темір өндірушілерім» деп атауы теміршілік/ұсталық дәстүр түрктердің негізгі кәсіптерінің бірі болғандығын айғақтайды.
Көне түркілер арасында қара темірді қамырша илеп, болат балқытқан ұстаны киелі санау культі байырғы заманнан қалыптасқан. Әйгілі Рашид ад-диннен жеткен деректе байырғы бабаларымыз Ергенеқоннан шыға алмай тұйыққа тірелгенде Темірші ұстаның жетпіс өгіз терісінен үлкен көрік жасап, сол арқылы темір тау бөктеріне көмір жағып, тауды ерітіп, содан ата қоныстарына жеткені баяндалады. Ғұндар дәуіріндегі сол алғашқы пассионарлық бастаудан кейін Ұлы даланы дүр сілкіндірген құдіретті әміршінің де Темірші (Тэмүжин) аталауы тегін емес. Л.Н.Гумилевтің «темір көшпелілерге бұрыннан белгілі болған, бірақ оны халықтың жаппай қолдануына қол жеткізген түріктер ғана болды» деген пікірі темір өндіру ісі байырғы бабаларымызда жалпыхалықтық кәсіпке айналғандығын байқатады. Алтай, Хакасия және Тыва өңірінде жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде түрік дәуіріне жататын бірқатар кен орындары мен пеш қалдықтарының іздері сақталғаны анықталды. Археологиялық олжалардың ішінде түрк дәуіріне тән найза, жебе, садақ, шоқпар және қылыш секілді темірден жасалған қару-жарақтардың молынан табылуы түрік қоғамында металлургия ісінің айтарлықтай жоғары деңгейде дамығандығын көрсетеді. Түріктер темірді тиімді игере отырып, қару-жарақ пен сауыт-сайманның ең үздік үлгілеріне қол жеткізді. Бұл үрдіс қазақ жерінде түріктердің әскери қуатының жедел артып, дүниенің төрт бұрышын жаулап алуына зор ықпал еткен болатын.
Мәселен, түріктердің Шығыс-Рим империясына темірді өнім ретінде сатқандығы туралы мәліметтер Византия жазбаларында сақталған. Ал византиялық елші Земарх өзін қарсы алған түрктер оған темір сататындығын, әрі өздерінің саяси күш-қуатын байқату үшін темір кені мен түрлі металл үлгілерін ұсынғанын баяндайды. Земарх сол сапарында Батыс түрк қағаны Дизабулдың қабылдауында болып, сән-салтанаты жарасқан қаған ордасын былай деп суреттейді: «…біз қағанды аң аулап, салтанат құрып жүрген жерінен кезіктірдік. Қаған бізді өзінің жібекпен әсемделген шатырына (ордасына) алып барды. Шатыр ішінде алтын тақ, алтын ыдыс­тар, күмістен жасалған бұйымдар, алтыннан жасалған жануар мүсіндері мен басқа да асыл бұйымдар толы екен. Одан кейін бізді басқа бір шатырға алып барды, оның да босағалары алтындалған, іші алтын-күміс заттарға бай, қараған жанның көз жауын алады. Міне, түрк билеушісінің алтындалған ордасы осындай» деп жазады. Ал осы Батыс түрк қағаны Дизабулдың сол кезде Екітау деп аталған Қаратау мен Алатаудың арасын жайлаған әйгілі Естеми қаған екенін ескерсек, қарт Қаратаудың қойнауы бағзы замандардан бері кен орындарына бай екені белгілі.
Елбасының «Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі» дегені тарихи шындық. Қазақ халқы әлемдегі тас дәуірін, қола дәуірін және темір дәуірін басынан өткерген аз халықтар қатарына кіреміз. Ал, ондай халықтар көп емес. Мәселен, Батыс Еуропада, сонымен қатар араб-парсы жұртының сахарасы Хижаз даласында металл болмағандықтан бұлар тас дәуірін ғана бастан кешірген. Тарихта олардың қолынан шыққан металл бұйымдар аспаннан түскен метеориттерді пайдаланудың нәтижесінде дүниеге келген. Себебі олардың жерінде темір, қола болмаған. Біздің ата-бабаларымыз қолданбалы өнерді дамыту үшін қажет шикізатты ешқайдан әкелген жоқ. Өзінің бағзыдан мекен еткен, кіндік қаны тамған атамекенінің қойнауынан алып отыр. Ерекше айта кетерлігі, еуроцентристік көзқарас қазақ халқын көшпенді ретінде қабылдату арқылы біздің бабалар мұрасын көмескілендіруге ұмтылғаны рас. Аттан түспей шауып жүрген адам темірді қалай қорытады? Қола мен мысты қалай балқытады? Демек, өзіміз көшпенді ретінде қабылдап келген ата-бабаларымыздың керемет өнерін жете бағалай алғанымыз жоқ.
«Алпамыс» жыры қазақ даладағы ежелгі металлургия жайлы көп құпияны мәтін астарына бүгіп жатқан сыңайлы. Мұның бәрі аталған жырдың интер мәтініне жаңаша үңілгенде ашық көрініс табады. Мәселен, «Шапса қылыш кеспейтін…» деген жолдарды алайықшы. Жырды жаңаша талдау уақыт талабы дер едік. «Алпамыс» жырындағы басты қаһарман Алпамыс пен «Илиада» геройы Ахиллесті салыстырып, екі тарихи кеңістікке жаңа көзқараспен қайта үңіліп көрелік. Жуырда белгілі түркітанушы, зерттеуші ғалым Мақсат Байлының «Илиада – түрколог көзімен» деген толымды еңбегі жарық көрді. Ғалым өз сұхбатында ескі жырға этимологиялық сараптама жасай отырып, атақты «Илиаданы» жаңаша талдайды. Еңбекте қысқаша айтқанда эллиндік өркениет далалық прото­түріктерден тамыр тартады деген болжам жасалады. Бір айта кетерлігі, ғалым өз кітабында «мыс» сөзіне жеке тарау арнаған. Иә, кәдімгі жез болмаса мыс. Құнды, қатты металдың «Илиада» жырыда көп кездесетінін, оның қазақ дүниетанымы мен тұрмыс-тіршілігіндегі маңызды бұйым екенін бұлтартпас дәлелдермен байыпты зерттеген. Мына қызықты қараңыз, Н.Гнедичтің аудармасындағы жырда кездесетін «Се и вожди, и властители медноноспешных данаев», «Их остановят везде меднолатные рати ахеян», «Взяв, наконец, копье, повершенное острою медью», «Вышли, пылая друг друга пронзить смертоносною медью», «Скован, тринадцать он месяцев в медной темнице томился» деген жолдардан ол дәуірде мыстың қаншалықты маңызға ие болғандығын аңғарамыз. Демек, халық жадында сондай қатты металдан жаратылған, тұтас сомнан құйылған мыс батырдың идеалын қалыптастыру, жас ұрпақтың сол идеалға еліктеп, қайратты, ержүрек, көзсіз батыр болып ержетуін тілеген халық әр уақытта «Алпамыс», «Илиада» сынды батырлар жырын тудырып отырған. Мәселен, гректерде «Зевстың ұлы — Скиф, ең бірінші мыс балқытушы» деген сөз бар. Тек гректер ғана мысты купрум демеген, холакус деп атаған. Қазақша айтсақ, кәдімгі қола. Сонымен, Алпамыс кім? Алып + мыс. Алпа + мыс. Болмаса, қазақ дүниетанымындағы жағымсыз қара күш, жеңілмейтін зұлымдық иелері де «мыс+тан кемпір», «жез+тырнақ». Барлығы біз айтып отырған түсті металдардың қиялдағы жемісі. Салыстырар болсақ, жоғарыда айтқан «шапса қылыш кеспейтін» Алпамыс та, денесіне оқ дарымайтын Ахиллес те осындайлық қиялдағы құрыш, қола батырлар. Қандай жырдың негізінде қандай батыр дүниеге келгенін ойша сараласақ, көп дүниеге көз жеткіземіз. Бұл қызықты деректер Геродоттың жазбасындағы сақ патшаларының алтынын қоритын грифондар (самұрық) туралы аңызды еске түсіреді. Аталған аңыздарды қуаттайтын Алтайдағы сақ қорғандарынан (Берел, Пазырық) грифон мүсіндері табылғанын да айта кету керек. Ежелгі түрктердегі металл игеру, теміршілік дәстүр кейіннен кей­бір түрк халықтарында жалғасын тапты.
Бір қызығы, ежелгі дастан «Оғызнамада» алғашқы арбаны жасаған өнертапқыштың аты-жөні сақталған. «Оғыз қағанның шеруінде үздік жақсы бір шебер бар еді. Оның аты Бармақлық Жосын Білік еді. Бұл шебер бір қаңқа (арба) тапты. Қаңқа үстіне жансыз олжаны тиеді, қаңқаның алдына тірі олжаны жегіп, тартып кете берді. Халықтың бәрі мұны көріп тездетіп тағы қаңқа шапты» деп жырланған. Аңыз желісі қаңлының шығуын осыған апарып тірейді. Осы орайда, Л.Н.Гумилевтің: «түріктер әлемдік тарих сахнасында Орталық Азияда алғаш рет темірді өнеркәсіптік жолмен игерген халықтың бірі болған», деп түйіндеуі оның осындай деректерге сүйенгендігін байқатады.
Алатаудағы Есіктен, Алтайдағы Берелден, Тарбағатайдағы Елеке сазынан Алтын адамдардың табылуы бағзы заманнан бері зергерлік өнерінің озық дәстүрі байтақ далада кең таралғанын тайға таңба басқандай анықтап берді, Қазақ қолға үйретілген жылқының әшекейлі ер-тұрманы мен темір үзеңгісі, арғымақтың ауыздығы, сауыт-сайманы – ұсталық кәсіптің асыл өнімдері. Тау-тасымыздың қойнауында бабалардан қалған жартас суреттерінде ұзын болат найзаны ұмсына ұстап, қолындағы шашақты байрақты жоғары көтерген, астындағы атына да мұздай темір кежім кидірген, ауыр қаруланған түркі жауынгерінің бейнесі жиі кездеседі. Бұл – сонау ғасырлардан жеткен түркі баһадүрінің қаһармандық тарихының рәмізі, біздің эпостарда сөзбен суреттелген баршамызға таныс бейненің тастағы сұлбасы. Жырда «үзеңгісі үзбе алтын, құйысқаны құйма алтын, тебінгісі терме алтын» деп бейнеленетін кейіпкерлер. Сондықтан болар, теміршіні, ұстаны, шеберді түрк билеушілері айрықша қадірлеген, оларға ерекше әлеуметтік мәртебе берген. Қоғамда шеберлердің шоғыр тобы пайда болып, олар тіпті ата кәсібімен ғана шұғылданатындықтан, машығына қарай кейіннен руларға да айналып отырған. Мәселен, темір балқытушыларды — болатшы, көң илеушілерді — көңші, биік арбалыларды — телеулер, қаңқа арба жасаушыларды қаңлылар деп атаған. Ел этнографиясының тарихында қара темірді қамырша илеп қару-жарақ, ер-тұрман жасаған, алтын-күмістен әшекей бұйымдар зерлеген небір хас шеберлер болған. Бұған сөздік қорымыздағы «көрік», «төс» , «темірші», «зергер», «ұста» деген секілді мыңдаған атаулар айқын дәлел. Осынау сөздер ежелгі дәуірлерде қалыптасып, қазақтың төл сөзіне айналғаны анық.
Бертін келе Алтайдағы шор, куман және туба халықтары теміршілікті негізгі кәсіпке айналдырып, кейінгі ғасырларда металдан түрлі заттар жасап, жоңғарларға салық төлеп тұрғандығы жөнінде қызықты мәліметтер бар. Қазіргі таңда металлургияға қатысты «Темір тау», «Күміс төбе», «Бақыршақ», «Темір қапығ», «Бақырлық тау» секілді жер-су атаулары да сақталған. Солардың қатарында Қарқаралы ауданындағы ірі кен орындарының бірі «Темірші» тауының атауы сонау көне дәуірлерден келе жатқан топоним секілді. Әрі бұл ежелгі түрктердегі теміршілік дәстүрдің куәсі болуы да мүмкін. Геолог Г. Романовский XIX ғасырдың аяғында «Темірші» тауына келіп, темір өндірген кеніштің орнын тапқанын баяндайды. Бертін келе Темірші тауы орна­ласқан Орталық Қазақстан аймағы металл өндірудің ірі орталығына айналып, әйгілі Теміртау металлургия комбинаты салынды. Теміртау – қазақ металлургтерінің қазынамызды байытқан құрыш буынын шыңдаған қала. Елбасы Н. Назарбаев та жастық шағында металл балқытып, өмір мектебінде құрыштай шыңдалып, мықты азамат болып шықты.
Р.S.
Бала кезімізде әр шаңырақта ер-тұрманмен бірге балға мен төс, қайрақ тұратын. Қазір де осы игі үрдіс жалғасса екен дейміз. Мұны күнделікті өмірде қолданбасақ та ата-кәсіпті ұмытпай, жастар арасында асыл мұрамыз насхаттау ісіне септігі тиер еді. Тарихшы Ермахан Бекмаханов «Қазақ тарихында бүкіл әлем ғұмыр кешіп келе жатыр» деп айтқандай, бабаларымыздың ең алғаш жасаған өнерін жаңа ұрпақтың санасына сіңіруіміз қажет. Ұлттық сана салтанат құрып, мемлекетшіл рухымыз мықты болғанда ғана елі мен жерін сүйетін ұрпақ болмақ.
Асхат Өмірбаев

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here