Атқа міну мәдениеті
«Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашыылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. «Ұлы даланың жеті қыры мақаласынан»
Ғұндар… Сақтар… Көк түркілер… Осынау атауларды естігенде көз алдымызға төрткүл дүниені тұлпарының тұяғымен дүбірге бөлеген баһадүр бабаларымыздың даңқы еңсемізді биіктетіп, өр рухты халық екенімізді сезіне түсеміз. «Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды» деп жазды Елбасы.
Иә, қазақтың кең байтақ даласын мекен еткен ежелгі көшпенді халықтың бейбіт кезеңде атқа мініп, қиқулата жылқы айдап, жаугершілік заманда қолына шашақты найза алып, ұрандап атой салғаны тарихтан білеміз. Ежелгі дәуірлерде-ақ қазіргі Қазақстан аумағы жылқының қолға үйретілген мекені болғандығын археологиялық қазба деректері дәлелдейді. Нақтырақ айтар болсақ, ел шежіресін Қамбар ата төлінің тұяғымен бәдіздеген көшпенділердің соңында Ботай мәдениеті, Берел қорымы, Есік қорғандарынан табылған құнды жәдігерлер айғақтай түседі. Арий, сақтар ежелгі Қазақстанда жылқыны қолға үйретіп қана қоймай, бұл малдың ерекше қастерлеп, әдет-ғұрыптық рәсімдердің ажырамас бір бөлігіне айналдырған. Сақтар Алтайдан Дунай өзеніне дейінгі кең байтақ аймақта үйір-үйір жылқы өсіріп, ат құлағында ойнауды өнер дәрежесіне көтерген. Сақтардың балалары мен әйелдеріне дейін ат үстінде соғысу тәсілдерін жас кезінен жетік меңгеріп, көрген жұрттың зәресін ұшырған. Олардың қанқұйлы жорықтарынан соң, Еуропада, Кіші Азияда, Жерорта теңізінің бойында, Мысырда атпен бірге жаратылған кентаврлар туралы аңыз тараған. Ежелгі грек мифологиясындағы жауынгер әйелдер – амазонкалар туралы аңыздар да осы сақ әйелдерінің бейнесінен алынған. Жылқыға салт мінуді қас өнерге айналдырып, оны әскери әдіс-тәсілдермен шебер ұштастыра білген сақтар өз заманының ең қуатты елін құра білді.
Көне дәуірде ат үстінен түспейтін бабаларымызды еуропалықтар кентавр, яғни басы адам, денесі жылқы секілді ғажайып күш иесіне теңеуі де бекер емес. Сонау Еуропаны жайпап өтіп, Рим қақпасын қаққан бабаларамыздың алапатынан тілерсегі дірілдеген өзге жұрттың таңданысы қазіргі жас ұрпаққа таңсық болмауы тиіс. Өйткені, құмбыл тарихтан сыр шетсек, «Түнде ұйықтамаған, күндіз отырмаған» Тоныкөк, Білге қаһандардың отансүйгіштік қасиеті қанмен берілсе керек. Археологиялық ескерткіштер қазақтардың ең алғашқы болып жылқыны қолға үйреткенін күллі әлемге дәлелдеді. Сырт көз – сыншы. Геродоттың, Рубруктың, Страбонның, Марко Полоның жазбаларынан көшпенділердің ат үстіндегі мәдениеті мен соғыс өнеріне жетіктігі, рухани қазынасы соншалықты терең, бай болғанын көреміз. Сөзіміз дәлелді болуы үшін тарихтың атасы атанған әйгілі Геродотты сөйлетсек: «Олар ат үстінде де, жаяу да соғыса береді, соғыстың екі тәсілін де жетік меңгерген: садақпен және найзамен қаруланған, қарапайым қару мен айбалтаны да қолданады. Сондай-ақ олар аттарының алқымын сауытпен қаптайды, ал жүгендерін, ауыздықтарын және құйысқандарын алтынмен зерлейді» деп жазса, араб саяхатшысы Ибн-батута «…Дешті Қыпшақтарда төрт доңғалақты үлкен арбалар болады. Оған екі немесе бірнеше ат жегіледі, кейде ат орнына арбаның жеңілдігі мен ауырлығына қарай қара мал немесе түйе пайдаланылады. Айдаушы салт атқа мініп, ұзын бишікпен немесе ұзын шыбыртқымен бағыттап, оларды жолға түсіріп отырады. Арбаның үстіне бір-бірімен жіңішке қайыстармен байланыстырылған әрқилы ағаштардан құрастырылған үйшіктер орнатылады. Үйшіктердің сырты киізбен немесе басқа да материалмен қапталады. Бұл арбалардың алмалы-салмалы терезелері болады. Үйшіктің ішінде отырып, сыртта не болып жатқандығының бәрін аңдауға болғанымен, оның ішінде отырғандар көзге түспейді» дейді. Міне, ежелгі қазақты көзімен көрген тарихшылар осылай жазған. Елбасы Н. Назарбаев мәйекті мақаласында «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһанық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты», – дейді. Иә, қазақтар қолға үйреткен жылқы жаһандық өркениетті алға сүйрегені анық.
Ауыздық пен үзеңгі
Айдалада жайылып жүрген асау қолға тізгіндеп, оны ырыққа көндіру оңай дүние емес. Ол үшін балалармызға жылқыны басқаратын құрал ойлап табу қажет болды. Қажеттілік ауыздық пен үзеңгіні дүниеге әкелді. Балалармыз ат үстінде құстай ұшып, жауын жасындай жапырды. Біздің кең-байтақ жерімізге көз тіккен арам ниетті көршілерден қорғауға таптырмас құрал болды. Мыңжылдықтар көгінде тақымынан тұлпары, қолынан бес қаруы түспеген қазақты ХVIII ғасырдың соңында орыстың Ақ патшасы түсірмек болды. «Қазақтарды атқа мінгізбеңдер. Олар атқа мінсе кімді болса да таптап кетуден тайынбайды» деген ІІ Екатерина патшаның айтқан сөзі бізге ойландырмай қоймайды. Бір айта кетерлігі, асыл халқымыздың сөздік саптасы, тіршілік-тынысы, әні мен күйі де жылқыдан бір елі ажырамаған. Айталық, «Дәйім менің мінгенім ал қарагер, Ауыздығын шайнайды сол қарагер. Оралыңның барында ойна да күл, Жалмайды барлығын да сұм қара жер…» – деп қара өлеңнің қаймағына айналған жылқы малы, «ат баспаймын деген жерін үш басатынын» айғақтап мақал мен мәтелге де айналды. Бұл жылқының ұлттық руханиятқа, қазақы жадыға, халықтық санаға айналып кеткендігінің бір көрінісі ғана.
Шалбар мен шылбыр
Қазақтардың атқа міну мәдениеті адамзат өркениетіне киім кию мен ықшамдылықты алып келді. «Атқа мінудің мәдениеті кейбір экипировкалары былайша айтқанда киім-кешектері, әбзелдері осы қазақ даласында пайда болғанын Еуропа ғалымдары да жазған. Мысалы иықты киім осы атқа байланысты шыққан деп айтады. Ал ол ертедегі есіңізде бар римляндар, гректер «тога» дейді, «тога» киімін киіп жартылай жалаңаш еркектер жүрген кезде біздің ата-бабаларымыз олар иықты киіммен жаңағы шалбарларын киіп жүрген» дейді жазушы Нұрдәулет Ақыш.
Иә, Елбасы Н. Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында шалбардың шығу тарихына бекер мән беріп отырған жоқ. Мектепте тарих пәнінен сабақ беріп жүрген кезімізде мектептегі Қазақстан тарихы оқулығында осынау байтақ жерді мекендеген ғұндар, сақтар жайында айтылғанымен, теріден тігілген киімдер жайлы қысқа мәлімет берілетін. Жылқыны қолға үйреткен ата-бабаларымыздың шалбарды да ойлап табуы табиғи заңдылық еді. Себебі атқа отырып шапқан адамның бұтын қажалып, жылқыдан шығатын тер қолайсыздық тудыратын.
Әлемдегі ең көне шалбардың Қытай аумағындағы Шығыс Түркістан жерінен табылған. Тер шалбар 3000 жылдан астам уақыт бұрын тігілгенін неміс археологиялық институтының мамандары растап отыр. Бұл аймақты кезінде түркі тайпалары мекендеген, демек шалбарды алғаш көшпенділер киген деген дерек бар. Тарихқа сүйенсек, біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасырдың ортасына дейін әйелдер де, ерлер де ұзын, кең етекті көйлектер киген. Десек те, бұл киім атқа мінуге өте қолайсыз еді. Сөйтіп, өмірі ат үстінде өтетін еуразиялық көшпенділер шалбарды ойлап тапқан. Олар екі аяқты қаптап тұратын киім тігіп шығады. Неміс археологиялық институтының қызметкері Майки Вагнер шалбарды киген адам жүрген кезде аяқтарының ішкі жағы, ауы және ішінің төменгі жағы ұзақ уақыт бойы қысылмай еркін тұрады, өйткені, бұның барлығы киімді пішкен кезде-ақ, алдын-ала ойластырылғанын айтады. Шалбар жүн матаның үш бөлігінен құрастырылып тігіліп, балақтар ышқырға жалғанып, ауы бөлек тігіліп, жапсырылған. Ат үстінде жүретін көшпенділердің шалбары аяқтарын барынша еркін қозғалтуына ыңғайлы әрі суықтан қорғап тұратын болған. Демек, Шығыс Түркістан жеріндегі көшпенділер арасында шалбардың болуы атқа міну де осыдан үш мың жыл бұрын осы кеңінен тарағанын бағамдауға болады.
«Қазіргі киім үлгісінің базалық компоненттері дала өр­кениетінің ерте кезеңінен тамыр тартады. Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша, кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды» дейді Елбасы. Көшпенді қазақтар ат құлағында ойнаған, ұрыс кезінде еркін қимылдаған соң киімі де ықшам, ыңғайлы әрі жылы болған. Төрт түлік мал терісінен жасалған киім денсаулыққа пайдалы киімдерді тігу әдісі көнедегі сақтардың мәдениетіне тән. Ең қызығы, еуропаға шалбарды скифтер жеткізген. Кейіннен оны галлдар мен германдықтар қолдана бастады. Рим империясында шалбар варварлардың киімі саналған. Оны киген адамға тіпті айыппұл салып отырған. Ал, орта ғасырда Еуропа түгелдей шалбар киетін болды. Демек, еуропалықтарға шалбар кигізуді үйреткен біздің Ұлы даланың оғландары еді.
Ұлы даланы мекен еткен көшпенділердің киіміне қатысты деректер көршілес Қытай, қиыр шығыстағы Жапония, араб түбіндегі Сауд Арабиясы, азияның оңтүстік-шығыс бөілігіндегі Иран мұрағаттарында болуы әбден мүмкін. Өйткені, бұл елдерден ерте кезде дін таратқан миссинерлер, тыңшылар, көпестер келіп, әміршілеріне ел мен жер жағдайын, қазақтардың тұрмысын хабар жеткізіп отырды. Расында, осы күнге дейін елеусіз болып қазақ халқының киімі деген жаңаша көзқарас қалыптастырды. Бір сөзбен айтқанда, қазақ киімінің тарихына қатысты әр жерде ғылыми пайымдаулар бірен-саран көрсетілгенімен, ортақ тұжырым, дәйекті дәлел ғылыми айналымға түспегендігі байқалып отыр.
Жылқы мен қамшы
Ат әбзелдерінің ішінде қамшы жоғары бағаланатынын атбегілер жақсы біледі. Қамшыға жылқының тері мен иісі сіңіп, құрт-құмырсқа, жылан, шаян секілді жәндіктер иістен қашып, ол маңға жоламаған. Көне заманда бабаларымыз ат үстінде жүріп, күндік жол жүрген. Жол-жөнекей мызғып алатын болған. Сондай сәтте қамшыны ер-тоғымның астына жастанып жатады екен. Өзінің айналасын аттың шылбырымен дөңгелектеп қоршайтын болған. Міне, осыдан қарап жылқының иісі сіңген қамшының қасиетін байқаймыз. Атбегілернің айтуынша, жылқы малы өте сақ келеді. Бұл қасиеті ертеде жауынгерлерге ерекше көмек болған. Ертеде кейбір қолбасшылар жорық сапарында алдынан суат кездессе, алдымен жылқыны суарған. Осылайша әскерін кеселден сақтандырып отырған.
Жылқы малы жылдың барлық мезгілінде басқа үй жануарлары бара алмайтын жайылыс алқаптарына барып жайыла алады. Кез келген ауа райында бұл түліктің басын аман сақтауға болады. Айталық, қыс мезгілінде атқа су ішетін құдық, ықтайтын қора қажет емес. Ал, жылқының қымызы, саумал немесе етінің түрлі ауруларға емдік қасиеті жөнінде айтып тауыса алмаспыз. Елбасы өзінің өзекті мақаласында ұлттық брендіміз болып табылатын жылқының қазақ халқына берген жемісін, жетістіктерін тілге тиек етеді. Сондықтан атбегілікті жастар арасында кеңінен насихаттап, ұлттық спортымыздың осы бір түрін дамытуға ерекше назар аударуымыз қажет.
Тобықтай түйін
Жаһандану заманында жас ұрпақтың санасын жат жұрттардың қаңсық дүниесінің жаулауынан ұлттық құндылықтар ғана құтқара алады деп ойлаймын. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай жұмыс істейтін институт ашу қажет-ақ. Ол үшін төл тарих, мәдени мұраларымыз бен салт-дәстүрімізге арнайы құрылым құрса құба-құп болар еді. Әлбетте, елімізде ғылым ордалары бар, десек те солардың жұмысын бір ізге салатын идеологиялық орталық сұранып-ақ тұр. Қорыта айтқанда, Елбасы мақаласы ата тарихымызға қайта оралу үшін жасалған игі қадам, ел күткен жоба болғаны анық.
Асхат Өмірбаев

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here