Алманың отаны
Елбасына ұсынылған қызыл алма
Алманың Отаны – Қазақстан. Елбасы Н. Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының «Қазақстан қызғалдақ пен алманың Отаны» деген бөлімінде: «Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғалыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған. Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп тараған жемісті тарту етті. Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта теңізіне, кейінен бүкіл әлемге танылған» деген еді.
2015 жыл.Тәуелсіздік күніне орай теледидардан беріліп жатқан мерекелік концертті көріп жатқанбыз. Елбасы білім алған Қарасай батыр атындағы Шамалған орта мектебінің және Абай атындағы Қаскелең орта мектебінің оқушылары «Қазақстаным – Ұлы Отаным» әнін шырқап жатыр екен. Қазақстан Республикасының Тəуелсіздігіне ширек ғасыр толған тұста ел егемендігі күніне орай «Астана Опера» мемлекеттік опера жəне балет театрында болып өткен салтанатты жиында бір көңіл толқытарлық көрініс болды. Мерекелік концертте сонау бір жылдары Елбасының өзі оқып, білім алған Қарасай атындағы Шамалған орта мектебінің жəне Абай атындағы Қаскелең орта мектеп-гимназиясының оқушылар хоры «Қазақстаным – Ұлы Отаным» атты əнді шалқыта орындап болғаннан кейін балалардың бəрі де сахнадан түсіп, тұлымшағы желбіреген қыз бала Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа бір түйір қызыл алма ұсынды.
Теледидарда бүкіл қазақ елін басқарып отырған президенттің жан дүниесі нұрланып, кішкентай қызға пейілі түсіп, мейірлене иіскеген қызыл алма көңілімнен мықтап орын алды. Көз алдыма Үшқоңырдың баурайынан ескен ерке самалмен жарысып, асыр салып ойнаған бала келді. Тұп-тура «Балалық шағымның аспаны» киносындағы қарадомалақ бала көзіме елестеді. Бір түйір алма Нұрсұлтан атаның балалық шағын еске түсірген шығар? Әлде, қолына кетпен ұстап, алма бағына су жүгірткен еңбекқор Әбіш әкесін сағынды ма екен? Бәлкім, қыз берген қызыл алманы ақ жаулығы желбіреп, маңдайынан сипаған Әлжан анасының берген алмасына ұқсатты ма? Иә, осы бір қарапайым алма адам жүрегін елжіретерін кім білген?
Алма қашан пайда болған?
Сиверс алмасы Іле мен Жоңғар Алатауының баурайында, Тян-Шань және Тарбағатайда өседі. Жабайы алма сонау Мезозой заманының Бор кезеңінде пайда болғанын археологиялық қазба жұмыстары арқылы дәлелденген. Еуропа ғалымдары Сиверс алмасы 165 миллион бұрын пайда болған жеміс екенін тайға таңба басқандай анықтап берді. Үскірік аязға, аптап ыстыққа төзімді келетін жабайы алма Ұлы Жібек жолы арқылы әлемге таралыпты. Жер бетіндегі бүкіл алмалардың атасы Қазақстан жері екенін 2002 жылы британдық биолог-генетик, «Алма тарихы» кітабының авторы Бэрри Джунипер зерттеу нәтижесінде көз жеткізді. Британдық ғалым ғаламшарымыздағы алғашқы жеуге жарамды алма жемісі таулы Қазақстанның аумағында теңіз деңгейінен шамамен 2000 метр биіктікте өскендігін айтады. «Қазіргі заманғы алманың арғы атасы өзінің «тарихи отанында» әлі де өседі» дейді Б. Джунипер. Десек те, жабайы алманың саны көп емес, бұл жемісті анықтау үшін тек білікті мамандардың көмегі қажет.
Қазақтың жабайы алмасы неліктен Сиверс деп аталған?
1793 жылы Петербург ботанигі Иоган Сиверс Үржар өзенінің аңғарларындағы орман ішінде жабайы алмаға бірінші болып сипаттама жазыпты. Жабайы алмаға 1844 жылы К. Лебедев деген орыс ботанигі Тарбағатайда болған кезінде толық сипаттама берген екен. Орталық Азияға экспедиция барысында Қазақстанның оңтүстік-шығысы жабайы алма мен өріктің Отаны болуы мүмкін деген болжам айтыпты. Тарихи тамыры тереңде жатқан алма ағашы аязға, аптап ыстыққа және құрғақшылыққа да төзімді болып, 300 жылға дейін өмір сүретін көрінеді. 1929 жылы белгілі кеңестік селекционер-генетик Николай Вавилов Қытайдан келе жатқан кезде Қазақстанда алма жемісі толы ормандарды көреді. Алма жемісінің түрі, түсі, пішіні мен дәмінің әр алуандығына таңданған ол жабайы алмалардың генетикалық орталығының шығу тегі осы жер екендігін түсінеді. 2006 жылы ғалымдар қазіргі алманың 2500-ге жуық сұрыптарына ДНҚ талдауын жасады. Зерттеу нәтижесінде ғаламшарымыздағы алғашқы алма «Сиверс алмасы» болғандығы анықталды. Соған орай ғалымға құрмет ретінде қазақстанан әлемге таралған алма Сиверс деген атау берілді. Бір айта кетерлігі, бұл жабайы алмаларды Тянь-Шань жабайы алмасы, қырғыз жабайы алмасы (яғни қазақ алмасы, себебі пашталық Ресейде қазақтарды қырғыз деп атайтын болған) деп атаған. Біздің алмаларды тек орыстар ғана зерттеген жоқ, ғалым Аймақ Жанғалиев қазақтың алмасының танылуына көп еңбек сіңірді. Аймақ ағамыз 1992 жылы Америка ғалымдарының шақыртуымен Корнель университетінде, әлем оқымыстылары алдына Сиверс алмасы жайлы арнайы баяндама жасады.
Алма көшпенді ата-бабаларымыз арқылы батысқа жеткен
Ғалымдар алма жылқыны қолға үйреткен көшпенді ата-бабаларымыз арқылы батысқа сапар шеккен дейді. Ата-бабаларымыз азық ретінде жолға алма алып шықса керек. Жабайы жылқылар алма жемістерін жеп, оның тұқымы қимен топыраққа түскен. Сол жерден алма ағаштары өсіп шыққан. Қола дәуіріне қарай алма жемісі Парсы шығанағына жетіп, бұл аймақта алғаш алма бақтары отырғызылған екен. Ал Еуропаға алманы римдік легионерлер жеткізіпті. Кейбір ғалымдар Александар Македонский біздің заманымызға дейінгі 328 жылы қазіргі Қазақстан аумағынан көріп, оларды өсіру үшін Македонияға алып кеткен дейді.
Романовтар тойындағы қазақ алмасы
Бір заманда Романовтар әулиетінің 300 жылдық мерейтойлық дастарханына мына Алматыдан мыңдаған тонна алма алдыртыпты. Сонда апорт 1 келі 300 грамм болыпты. Кеңес өкімет тұсында комунист басшылар үшін арнайы алма дайындалып, сәлемдемемен салып жіберіп отырған. Қазақтың белгілі ақыны Олжас Сүлейменов Мәскеуге барып, Үлкен театрға билет таба алмай қиналғанда екі қып-қызыл апортты беріп, қойылымға кіріп кетіпті.
Алматы — алманың атасы
ҚР президенті Н. Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп аталады» деген еді. Әлбетте, оған себеп те жоқ емес. Алматы қаласына «Алманың атасы» деген атау текке берілмегені белгілі. Жоңғар Алатауының баурайында жабайы алманың қырық шақты түрі кездеседі. Алма теңіз деңгейінен 1700 метр биіктікте өседі. Бір кездері Алматы қаласының айналасы түгел алма ағаштары болыпты. Қаланың ауқымы үлкейген сайын алма бақтары оталып кетті. Сөйтіп, алма ағаштары сиреді. Бір кездері ит тұмсығы батпайтын алмалы тоғайлар Алматы шаһарының Абай даңғылына дейін созылып жататын дейді үлкендер. Бұрын Абай, әл-Фараби, Достық көшелерінің бойына апорт алмаларының бағы болған. Ол кезде алмалардың мол беретіндігі соншалықты, көшеден өтіп бара жатқан әрбір адам қалағанынша жеп, теріп алатын болған. Десек те, Кеңес үкіметі құлған тұста бақтар қараусыз қалып, талан-таражға түскен. Қазақстанда өсетін жабайы жеміс-жидектерді зерттеумен айналысқан ғалым С.Калмыков 1956 жылы: «Бостандық ауданының жерінде өсетін жабайы алмалардың пісіп-жетілгені сондай, кейбір зерттеушілер оларды жабайы алмалар емес, жабайыланып кеткен алмалар болар деп топшылайды», — деп жазыпты. Ғылыми зерттеу экспедициялардың дерегінше, 1960 жылдары Іле, Жоңғар Алатауының бөктерінде жабайы алма өсетін тоғайлардың көлемі 11000 гектар болыпты.
«Қызыл кітапқа» кірген қызыл алма
Есік мемлекеттік дендрологиялық саябағының 8 гектар жеріне академик А. Жанғалиев салып кеткен Сиверс алмасының 21 сұрып-клондарының елімізде жалғыз коллекциясы сақталғанын ойға алсақ, қапы қалмауымыз қажет. Жылда осы бақтан Сиверс алмасының тұқымдары жиналып, тұқымдық телітушілер питомнигі егіледі. Оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймақтарында пайдалануға рұқсат етілген алма сұрыптары ұластырылып, жылына 30-40 мың алма көшеттері өсіріліп, сатылымға шығады. 1960 жылдары Іле, Жоңғар Алатауындағы тоғайларды зерттеген ғалым А.Жанғалиевтің экспедициясы жемісі мол, аналық қасиеті жоғары жабайы алмалар өсетін 15 учаскені анықтап, картаға түсірген. Олар осы сапарда орташа салмағы 239 г. келетін, түрі де, түсі де Алматының атақты апортынан аумайтын таңғажайып жабайы алмаға кез болады. Десек те, жабайы алма жойылып бара жатқан жеміс ретінде «Қызыл кітапқа» енгізілген.
ҚР үкімет қаулысымен «Сиверс» жабайы алмасы өсетін, аумағы 365 гектарды алып жатқан Жоңғар-Алатау паркі құрылған. Қазіргі таңда елімізде қазақстандық алманы дамыту жолға қойылып келеді. Жетісудің апорты Сиверс және Недзвецкий жабайы алмаларының табиғи тұқымдық шағылысуынан пайда болады. Көктемде алма ағаштары керемет әдемі болып гүлдейді. Жас өркендерінің қабығы тегіс, ал бір жылдық өркендері жуандау, қысқа, тікенекті болып келеді. Қандауыр пішінді жапырақтары да ерекше. Мына қызықты қараңыз, көктемде Недзвецкий алма ағашының қызылды-жасылды гүлдері баққа ерекше сән беріп, хош иісті апорттарды тозаңдырып тұрады екен. Апорт гүлдеген кезде жабайы алма ағаштарының гүлінен ұшқан тозаң солардың гүліне барып қонады да, табиғи тозаңдану үрдісі жүреді екен.
Шетелдіктер неге жабайы алмаға қызығып отыр?
Қазақ жерінен шыққан алмаға шетелдіктер қызығушылық танытып отыр. Мәселен, Францияның белгілі биолог ғалымы Катрин Пэкс Іле және Жоңғар Алатауы қорықтарындағы алма бақтарына зерттеу жүргізіп, «Алманың пайда болуы және Эдемнің Жаннат бақтары» атты фильм түсірді. «Деректі фильмде Англия, Франция және АҚШ ғалымдарының Николай Вавилов пен Аймақ Жанғалиевтың ғылыми болжамдарын генетикалық тұрғыда дәлелдейтін ғылыми зерттеулер баяндалған. Сондай-ақ, деректі фильмде Қазақстан жер бетіндегі алғашқы алма­лардың отаны екендігі және осы жерден бұл жеміс Ұлы Жібек жолы арқылы әлемге таралғандығы жайлы айтылады, – дейді француз режиссері, биолог-ғалым Катрин Пекс.
Белгілі ғалым Бэрри Джунипер «Алмалар тарихы» атты кітабында, ал ұлыбританиялық жазушы Кристофер Роббинс «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» атты кітабында алманың отаны Қазақстан екенін атап көрсетеді. Айта кетерлігі, Оксфорд университетінің биолог мамандары жаңа технологиялар арқылы алманың ДНК-сын зерттей келе, «Грэнни Смит», «Кокс орандж пиппинс», «Бромли» тәрізді алманың британдық сұрыптары да қазақстандық алмалардан таралғандығын мәлімдеген.
Сарқан ауданында өткен алма фестивалі
Былтырғы жылы Алматы облысының Сарқан ауданында Сиверс алмасының гүлденуіне арналған фестивал өтті. Алма тойына он шақты үй тігілді. Жан-жақтан келген жұртқа алма ағашының гүлденуі тойлау – барды бағалай білу керек екенін аңғартты. Мұнда Жоңғар-Алатауында өсетін емдік өсімдіктер, таулы аймақтарда мекендейтін жабайы жан-жануарлардың экспонаттары көрсетілді. Асық ату, теңге алу, аударыспақ, арқан тарту сияқты ұлттық ойындар да жанданды.
— Жапония мемлекетінде әйгілі Сакура ағашының гүлденуіне миллиондаған адам жиналады. Сол сияқты осы фестиваль арқылы Сиверс алмасының ешкімге ұқсамайтын, бірегей көрінісін тамашалауды дәстүрге айналдыру жоспарда бар, — деген еді көрмені таныстырған жолнұсқаушы. Отандық ғалымдармен қатар Орталық Азия мен Еуропа елдерінен келген меймандар жабайы алмаға аса қызығушылық танытып отыр. «Сиверс алмасын сақтау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Біздің қорымыз бұл бағытта бірқатар стратегиялық жобаны жүзеге асырады. Өйткені алманың бұл тұқымын сақтап көбейтуге, биологиялық әралуандылықты қамтамасыз етуге халықаралық ұйымдар мүдделі болып отыр» дейді Сиверс алмасын сақтау халықаралық қорының директоры Азат Қуатбаев. Германиядан келген эколог-ғалым Марен Шнеканың айтуынша, Жетісу жерінің әсем табиғатына тамсандырған. Ол осындай шаралар зерттеулерге жол ашып, Алматы облысындағы туризм кластерін дамытуға мүмкіндік беретінің айтады.
Иә, Қазақстан алманың отаны екенін еліміздің ғаламдары да, шетел мамандары да мойындап отыр. Осы баға жетпес байлығымызды көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізсек, құба құп болар еді.
Асхат Өмірбаев

ПОДЕЛИТЬСЯ
Следующая статьяҰлы даланың жеті қыры

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here