Аналардан пайғамбар шықпағанмен,

Пайғамбарды да туып бергенсіңдер.

Есімдерің шежіреде болмаса да,

Шежірені таратқан сендерсіңдер, — деп жырлағандай менде аналар туралы ойымды аз да болса жеткізгім келеді. Анам жайлы ойымды айтып тауыса алу мүмкін емес. Бала кезден анамды “тәте” деп атап кетіппін. Әркімнің өз анасына деген махаббаты шексіз. Менде анамның маған сыйлаған мәнді өмірі үшін алғысымды айта отырып, өз ойымды жеткізгім келді. Әрбір ана отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, сәбиінің жыламауын қалайды. Адам бойындағы барлық асыл қасиеттер күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен дариды, қасиетті жан, тіпті айта берсең сөз жетпейді. Ана бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді деген. Расымен, әке-шешеміз бізді осы дәрежеге жеткізді, өзім де бүгін екі баланың әкесі болып, бір шаңыраққа бас болып отырмын. Анамды кейде ренжітіп алып жатамын, кейде анама бұлданып, қарсы сөйлеп қалатыным бар, бірақ ашуым қайтқан соң «бекер айттым-ау» деп өкініп қаламын. Бірақ анам кешірімшіл, ақылды, уайымшыл, байсалды кісі. Әрбір жұмыр басты пенде бұл өмірге келгені үшін анасына қарыздар, мен де анамды қатты жақсы көремін, сыйлаймын, амандығын тілеймін. Осы сәтті пайдаланып  алда келе жатқан аналар мерекесімен аяулы анамды, қайын апамды,  жан-жарымды және де ардақты аналар, әжелер мен апалар, әпке-қарындастар мен қыздарды 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтай отыра, шынайы көңілден шыққан ең ізгі тілектерімді жолдаймын! Мерейлі мереке тек қана игі жақсылықтар әкелсін. Баянды бақыт, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Жүздеріңізден күлкі, бойларыңыздан күш-қуат кетпесін, еңбектеріңіз табысты болып, шаңырақтарыңызға құт-береке дарысын! Аспанымыз ашық, Тәуелсіздігіміз мәңгі, болашағымыз жарқын болып, бейбіт күннің бесігінде тербетіліп жүре берейік.

Бірлан НҰРЖАҚЫП,

Тастөбе ауылдық округі әкімі аппаратының спорт нұсқаушысы.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here