ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНА МЫҢ АЛҒЫС

Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін мерекеде Қазақстандағы өзге этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде құшақ жая қарсы алған кеңпейіл де қонақжай қазақ халқына алғыс айтады.

1 наурыз елімізде жалпыхалықтық мереке – Алғыс айту күні. Бұл күні қазақстандықтар бір-біріне құрмет көрсетіп, ризашылығын білдіреді. Дәл осындай мереке 1 наурыз күні Бастөбе тауының етегінде «Қазақ халқына мың алғыс» монументінде Алғыс айту күніне арналған салтанатты митинг өтті.

Іс-шараға аудан әкімі Рауан Рақымбеков бастаған ауданның атқа мінер азаматтары, бөлім, мекеме басшылары, мектеп директорлары мен оқушылары, әр этномәдени білестік жетекшілері қатысты. Салтанатты митинг «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қоюдан басталып, Қазақстан Республикасының Гимні орындалды. Алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімі Рауан Тұрданғазыұлы сөйледі. Ол 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялау туралы № 173 Жарлыққа қол қойылғаны туралы, аталған мерекенің мән-маңыздылығы туралы айтып өтті.

Келесі сөз Алматы облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбайға берілді. «Алғыс айту күні бұл — тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзым белгісі» деді ол өз сөзінде. Кәріс этно-мәдени орталығының ардагері Виктор Пак сөз алып: «Қазақ халқымен бүгін емен-жарқын араласып кеттік, барлық жасаған жақсылықтарына мың алғыс. Біз тіпті, қазақ халқымен құда болдық. Олардың «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» деген әдемі сөзі бар. Сол сөз біздің отбасымызға арналғандай», — деді. Одан соң, облыстық «Ахыска» түрік этно-мәдени орталығының мүшесі Зульбия Раджапова өзінің сөзінде саяси қуғын-сүргін кезінде қазақ жеріне жер аударылып келгендердің өмірі, оларды жергілікті халықтың қалай паналатқаны жайлы айтып өтті. Алматы облыстық «Элефтерия» гректер қоғамының мүшесі Наталья Тифанциди Қазақстан көп ұлт пен ұлыстың Отаны болып отырғандығын, тағдыр талайымен қазақ жеріне келген өзге этнос өкілдері бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті өмір кешіп жатқанын айтып өтті. Саяси қуғын-сүргін кезінде Қазақстанға кәріс, шешен, күрд, неміс секілді этнос өкілдері күштеп көшірілген. Алайда, ежелден бауырмал, достыққа берік қазақ халқы жат жерден келгендерді бөліп-жармай, қайта бауырына басып қамқорлық көрсеткені баршаға мәлім.

Осынау айтулы күнде бір шоғыр мектеп директорлары Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының алғыс хаттарымен марапатталды.

Олардың қатарында, Б. Римова атындағы орта мектеп-гимназиясының директоры Ғ. Диханбаев, М. Горький атындағы орта мектебінің директоры А. Избасаров, К. Тоқаев атындағы орта мектебінің директоры С. Жұмагелдина және басқа азаматтар бар.

Әлия ИСКЕНОВА

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here