АНА. Осы бір үш әріптен тұратын жалғыз ауыз сөзде қаншама мән, терең сыр, сондай жылылық пен ұлылық жатыр десеңізші. «Баланың білегі ауырса, ананың жүрегі ауырады» демекші,  жүрек пен білектің салмағын өздеріңіз де таразылап отырған шығарсыздар. Жас ұлғайғанда ананың қадірін ұл да, қыз да түсінеді. Менің ойымша әйел затына қарағанда ер азаматтар жасына жас қосылған сайын анасының жарқын бейнесін аңсап, құлағында қалған қоңыр үні мен аялы алақанын, иісін қатты  сағынатын секілді.

Ана шырақ ұрпағымен жағылған,

Өз анасын бар періште сағынған.

Құдіретін сезінгендер бас иеді,

АНА деген үш әріпке табынған, демекші алыста жүрсе есіне түсіп сағынар, бақилық болса елес болып табынар ананың құдіреті керемет. Қандай жағдай болмасын балапанын қолдап, қорғап жүреді. «Баламның табанына кірген тікен, менің маңдайыма қадалсын» дегенді құдіреті күшті аналарымыз айтқан екен.

Жылына бір рет келетін 8 наурыз аналардың төл мерекесіне арнап, жанын жадыратар жылы сөз айту әрбір пенденің перзенттік борышы. Олай болса құшағы даладай кең, пейілі бұлақтай тұнық, мейірімі күндей нұрлы, келбеті айдай әсем, әлемді әлпештеп, жұдырықтай жүрегі сәбиім деп соғар, ақ жаулықты аналар, сүмбіл шашты сұлулар сіздерді халықаралық төл мерекелеріңізбен құттықтаймын! Сіздерге тілерім, жүректеріңіз жақсылықпен жайлы, өмірлеріңіз майлы, ұрпақтарыңызбен ұштасқан ғұмырларыңыз ұзақ болсын! Кеудеңдегі жүрегің дамылдағанша бәрін жақсы көретін балаларың аман болсын, солардың қызығын көруге Алла нәсіп етсін. Үйге кіріп келіп ең бірінші «мама» деп, айқай салып өзіңді іздейтін бүлдіршіндеріңді күлімдеп қарсы алатын жылы жүздеріңе  ешқандай сызат түспесін! Отбасына ұйытқы болып, отырған шаңырағыңнан шаттық шырағы сөнбесін!

Ақылын айтып әсерлі,

Кешірген әрбір қатемді.

Нұрыңа алла бөлей көр,

Анашым менен әкемді, — деп әр періштедей болған перзенттеріңіз тілейді екен. Тілектері қабыл болсын аяулы да ардақты, алтын құрсақты аналар.

Дариға ДУКЕЖАНОВА,

А. С. Пушкин атындағы орта мектебінің директоры.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here