Ана! Жалғыз ғана сөз. Жаратқан иеміз әйел пешенесіне қаншама бейнетті үйіп төксе де, соның қайтарымы шығар, мейірім нұрына шомылдырып, еміреніп бала сүйіп, ана болу бақытын сезінуді маңдайына жазған. Иә, өмірге ұрпақ әкеліп, адамнан адамның жаратылуы оңай емес. «Жүкті әйелдің бір аяғы жерде болса, бір аяғы көрде» деп, қазағым оның ана өміріне аса қауіптілігін екі ауыз сөзге сыйдырып айтқан ғой. Ана болу, әрине, үлкен бақыт. Мұндай бақыт 16 жаста мүлдем басқаша қабылданады. Қазақтар он үште отау иесі атаған қыздар да арамызда жоқ емес. Ерте ана болудың қандай маңыздылығы неде?

Жас ананың күші көп болғандықтан, бала бағу қиынға соқпайды. Жас ағзаның шаршағаны бірнеше минут ішінде басылады. Ана мен баланың жас айырмашылығы неғұрлым аз болса, бала анасын соғұрлым жақын, сырласа алатын құрбысы ретінде қабылдайды. «Аппақ бала таппайтын әйелден, қара болса да көп бала табатын әйел сұлу» дейді, — хадисте. Қоғамға көз жүгіртер болсақ, халық санының артып, өзгелермен терезесі тең болуды ұлттық мұрат санаған отбасылар кем де кем.

Осынау бір өзекті тақырыбымызға арқау болған, ауданымыздағы ең жас әрі көп балалы ана атанып отырған Сағымбаева Әсем Қуанышқызы. Ол 1998 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Кіндікті ауылында 26 тамызда дүниеге келген. Балалық шағы сол ауылда өткенмен, кейінгі жылдары Үштөбе қаласына көшіп келіп, 9-сыныпқа дейін К. Тоқаев атындағы орта мектепті бітіреді. Бастөбе техникалық-сервистік колледжінің «шаштараз» мамандығын бітіреді. Осы қалада болашақ жары Ерболатпен танысып, 2014 жылдың шілде айында отбасын құрады. Қазіргі уақытта бала күтіміне байланысты демалыста отырған небәрі 20 жасар Әсемнің 2014 жылы дүниеге келген Диас және 2016 жылғы Еламан атты ұлдары мен 2018 жылдың желтоқсан айында дүниеге келген Қарақат пен Қаракөз атты егіз бүлдіршіндері бар.

Әсем Қуанышқызы:

  «Мен ерте тұрмыс құрдым — 16 жасымда. Ерболат екеуміз бір-бірімізді сүйіп қосылған жандармыз. Маған деген сыйласымы ерекше еді. Той керемет өтті. Енем бала қарауға көмектесті. Шынымды айтсам, бірінен соң бірін босанып, қалай өсіп қалғандарын байқамаппын. Ерте ана болу дұрыс деп ойлаймын. Себебі сіз ана атанған сайын жасара, сұлулана түсесіз. Екінші ұлымнан соң жұмыс жасап та бәріне де үлгердім. Және көп балалы ана ретінде өзімді сондай бақытты сезінемін Ал, өскелең жастарға әйелдің ең үлкен бақыты — ана атануда деп айтқым келеді».

Ізгілік атаулы ананың ақ сүтінен жаралған дейді, халқымыз. Олай болса, ізгі амалдар жасау жолында халықтың көзайымына айналған аяулы ана, асыл жар, ибалы келін бола білген Әсем Қуанышқызын бүгінгі 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймыз! Құттықтай отыра деніңізге саулық, отбасыңызға бірлік-береке және баянды бақыт тілейміз. Алдағы уақытта отбасыңыздың шуағы болып, ақ самайлы «Батыр Ана» атаныңыз деген ниет білдіреміз.

Салтанат ЖАКСЫЛЫКОВА

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here