Әйел… Осы бір ғана сөздің өзінен қаншама жылылық, мейірім, қамқорлық шуағы төгіліп тұр. Отбасының ұйытқысы болып, тіршіліктің шырайын арттырып жүретін нәзік жандылар бүгінде еліміздің өркендеуі жолында аянбай тер төгуде. Өміріміздің қай саласында болмасын олар үлкен еңбекқорлық танытып, үй шаруасын да дөңгелетіп, қызметтерін де қалтқысыз атқаруда. Әйел затының осындай ерекшелігін ел арасында насихат жасап, жасаған жұмыстарын мереке қарсаңында жалпақ жұртқа жария етуді жөн санадық. Қазіргі қоғамда ер азаматтар атқарар шаруаны әйелдер де бір кісідей атқарып, бала-шағасын бағып, нәзік иығымен ауыр жүкті арқалап, абыроймен атқарып келеді.

Дәл осындай ер азаматтар атқарар шаруаны 25 жылдан бері атқарып жүрген, әйел, ана — Эльмира Жансықпаева. Кейіпкеріміз «Қазақстан Темір Жолы» жүк тасымалы АҚ-да «Жүк тасымалдау» Алматы бөлімшесі филиалы, Үштөбе станциясының тасымалдау құжаттарын өңдеу жөніндегі 6 разрядының операторы болып жұмыс жасайды. Ол 1974 жылы 6 наурызда Үштөбе қаласында дүниеге келген. Ата жолын қуып Эльмира да теміржолда қызмет атқаруды жаны қалады. Атап айтар болсақ, атасы Атықбай Жансықпаев 30  жылдық тәжірибесі бар теміржолшы. Осы салада жүріп зейнетке шыққан. Ал өз әкесі Илькаш Жансықпаев ПТО вагонов 6 цехында 35 жыл, өмірінің соңына дейін жұмыс жасаған. Сол себепті Эльмира осы саланы таңдады. Үлкендер ойлана келе бір әулет кәсібін жалғастыру мақсатында кейіпкеріміздің тұңғыш ұлын болашақ теміржолшы болсын деп ұйғарған. Ол Алматы Теміржол колледжінің «Машинист» мамандығы бойынша бүгінде 3 курс білімгері.

Ел өмірінде ғасырдан астам тарихы бар, Ұлы Жібек жолының заманауи көрінісіндей, керуен көші күні бүгінге дейін қоғам талабына сай қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Бұл, әрине, Эльмира сынды мамандардың біліктігі мен білімгілі арқасында жыл санап өркендеуде. Ер азаматқа тән деп бұл қызметті айтуымыздың өзіндік бір себебі бар. Таңның атысымен таласып жұмысқа келіп, түн ауа үйге оралады. Әр күні жұмыс кестесіне сәйкес түнгі кезекшілік те бар. Олар ауа-райының қолайсыздығына да қарамайды.

Қолға бор ұстап, келген вагондарды белгілеп, олардың құжаттары бойынша бағыт-бағдарын айқындайды. Жаздың аптап ыстығы мен жаңбырлы күндері, қыстың қарлы бораны мен ызғарлы суығына қарамай қалтқысыз қызмет етеді.

Эльмира Илькашқызы:

— Әрине, әйел болған соң нәзіктікті қалаймыз. Бірақ уақыт оған тоқтай ма? Оның көшіне ілесіп, қатардан қалмау – мақсатымыз. Әр саланың өзіндік қиындығы бар. Еңбекпен келген нан тәтті. Мен ең алғаш осы салада 1993 жылдың 8 қазанынан бастап жұмыс жасадым. Ең алғаш – кезекші бөлімде, одан кейін оператор болдым. Үйде төрт баламыз. Мен оның үшіншісімін. Қазір мен өзім анамын. 1 ұлым, 2 қызым бар.

Жол мұраты – жету десек, сол жолаушылардың талғамы мен талабына сәйкес зор жауапкершілікпен жұмыс жасау қажет. Күнделікті пойыздардың қозғалысы назарда болуы тиіс. Осы орайда уақыттың қатаң бақылауында жұмыс жасайтын Эльмира сынды сала қызметкерлерінің еңбектері ерекше, атап өтуге лайық. Ешкімнен нан сұрамай, алақанын жаймай 3 баланы жалғыз өсіріп, тәрбиелеп, ел қатарына қосқан анаға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қиындығы мен қызығы қатар жүрген мына өмірде Эльмирадай батыр аналардың еңбектері бағаланып, ескерілсе деген ой бар.

Әлия ИСКЕНОВА

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here