Ананың мойнына жүктелген ауыр жүк – ана болу, ал көп баланың анасы болу нағыз ерлікке татиды. Көп балалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көп балалы отбасында дүниеге келген. Қазір көп балалы отбасын көрсек, таңдай қағып, таңқалатынымыз бар. Көпшіліктің көкейінде оның бәрін қалай асырайды деген сауал туындайды. Артынша «Әр баланың өз несібесі бар» деп жатамыз, десе де оның оқуы, жоғары білім алуы мен қазақ үшін қасиетті үйлену тойын жасап, баспана әперу – әрбір қазақтың мұңы болғандықтан, көп балалы отбасына таңсықпен қарайтыны бар.

Дәл осындай тақырыбымыздың арқауы болған, алты баланың анасы Ляззат Шалабаева. Ол 1971 Балқаш ауданы, Ақкөл савхозында 11 қаңтарда дүниеге келген. Оның балалық шағы да сол ауылда өткен. 1993 жылы жолдасы Тұранмен танысып, отбасын құрады. Осылайша отбасылық өмірге қадам басқан жас келін өмірдің ағысымен 1996 жылы Қаратал ауданына қоныс аударады. Бастапқыда қатты қиналған жастар әр жұмыстың басын бір шалып жүреді. Кейіннен Үштөбе темір жол вокзалында кішігірім сауда-саттықпен айналысады. Одан кейін 2009 жылы сол жерге еден жуушы болып жұмысқа орналасады. 2015 жылдан бастап аталған вокзалға анықтама беру бойынша хабарлаушы болды. Міне сол уақыттан бері арада төрт жыл өтті. Ләззат Мырзакетқызы бүгінде тәжірибелі мамандардың қатарында. Ең алғаш Балқаш ауданында Ләззат ана атанса, одан кейінгі бес баланы осы ауданда босанған. Бүгінде алты бірдей атқа мінердің анасы, жолдасының жан-жары.

Ләззат Мырзакетқызы:

— Бала кезінен милиция болу да армандадым. Олардың үстеріне киетін формалары ұнайтын. Арман ешқашан алдамайды. Бүгінде соған ұқсас формадамын. Жұмысым өте жақсы. Жиырма төрт сағат кезекшілікпен жұмыс жасаймын. Күн, түніне қарамайтын жұмыс өзіндік қиындығы мен қызықшылығымен қымбат. Келіп, кеткен пойыздардың бағытын, келіп тоқтау уақытын хабарлағышпен хабарлап отырамын. Менің ең бірінші мәртебем — ол ана болуым, — деді.

Ләззат әр баланың өз несібесі бар деп, тағдырына тәубе айтып, өмір сүріп келеді. «Алла берген, шүкір, балалар бар. Осылардың рахатын көрсек деп жүрміз. Өткен жылы тұңғышым көлік апатынан қайтыс болды. Бұл да Алланың сынағы болар», – дейді Ләззат. Жұбайымен бірлесіп ашқан кішігірім асханасы бар, шағын кәсіпкерлігін жандандырып жүр.

Бақыт балалы үйге қонады дейді біздің кейіпкеріміз. Ана атанып, ұрпақ тәрбиелеуді басты міндет санайтын анамыз балаларының әрқайсысы елдің өркендеуіне өз үлесін қосатынына сенімділік білдірді.

Әлия ӘЛІБЕК

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here