Ауданымызда көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларына үнемі қолдау көрсетіп, көмек беретін кәсіпкерлер саны артып келеді. Әлбетте, бұл – қуанарлық жағдай. Кәсіппен шұғылданатын азаматтар табысының бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсау арқылы ел ризашылығына бөленіп, зор сауапқа кенелуде. Солардың бірі – «Jailau» базарының иесі Жайлау Бласов.

— Барлық мақтау-мадақтау құдіретті күшті Аллаға болсын! Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) жолымен жүруге нәсіп етсін. Кәсіпкер Жайлау Бласов жыл сайын зекетін беріп, Алла алдындағы парызын мойнынан түсіріп отырады. Себебі зекет – сұралатын амал. Зекет берген адамның ісі ілгерілеп, ырысы артады. Жайлау Бласов жыл сайын зекетін береді. Биылғы жылы 1 сиыр беріп, зекет етін тұрмысы төмен 10 отбасыға тараттық. Алла тағала ол кісіге разы болсын! — дейді аудандық «Зекет» қорының өкілі Қанат Егизов.

Қанат Сарқытбайұлының айтуынша, кәсіпкер Жайлау Бласов мешіт құрылысына қажетті құрылыс материалдарын беріп, мешіттерді отын-көмірмен қамтамасыз етіпті. Мұқтаж жандарға азық-түлікпен де көмек беруде. Иә, осындай қолы ашық, жаны жомарт азаматтар көп болса, нұр үстіне нұр болар.

А. БАҚЫТҰЛЫ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here