Көгілдір көктем ілестіре келетін көрікті мереке – 8 наурыз халықаралық әйелдер меркесі қарсаңында «Қаратал» газетінің журналистері облыстық «Жетісу» газеті ұжымының бастамасын қолдап, бірыңғай ұлттық киім киюге көше бастады.

    Көне дәуірлерден бері ұлттық болмысымызды айшықтайтын төл  — ою-өрнек, қазақы қалпын қайта жаңғыртқан газет тілшілері үстінде жарқырай түсті. Заманауи стилде тігілген киімге салынған ұлттық өрнек жұрттың ықыласын аударып үлгерді.

    Аудандық «Қаратал» газетінің директоры-бас редакторы Асхат Өмірбаев әріптестерін көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, газеттің ыстық-суығын бірге бөлісіп, ақпарат жинап алашапқын болып жүретін нәзік жанды әріптестерінің еңбектеріңе жеміс, шығармашылық табыс тіледі.

    Газет саны шығатын қарбалас күнде ұжымдағы қуаныш әдемі ақ тілек пен керемет көңіл-күйге ұласты.

 Әлбетте, «Жетісу» газеті ұжымының бастамасын қолдау – жылт  еткен жақсылықты жалпақ жұртқа жеткізумен ұлттық нышандарды құрметтеп қана қоймай, бағзы заманнан бері келе жатқан құндылықтарымызды ХХІ ғасырда сырт киім үлгісі арқылы қайта жандандыру дегеніміз ләзім.

 Айыр қалпақты көрсек – қырғыз ағайындарды, кимоно кигенді байқасақ – жапонды, ала шапан көзге түссе – өзбек екенін бірден білеміз. Сол секілді қазақ халқының ою-өрнектері арқылы ұлттық болмысымызды қайта жаңғырып жатсақ, нұр үстіне нұр емес пе?

  Иә, ұлттық киімді көненің сарқыншағы, ескінің жұрнағы санайтындар да бар, бұл біздің  300 жыл патшалық билеп-төстеген Ресейдің, 70 жыл салт-дәстүрімізді тұмшалаған коммунистік идеалогияның әсері болар. Десек те, тәуелсіз ел атанып, еңсе тіктеген тұста төл құндылықтарымызды қастерлей білсек, ұтылмайтынымыз анық.

    Осынау бастама әуелі Ұлыстың ұлы күні – әз Наурызға деген ерекше құрмет! Ұлттық киімді 22 наурыз күні ғана кимей, үнемі киіп жүрсек қана өзгелердің көзі үйреніп, қысылмай-ұялмай ұлттық киім киер деген үміт бар. Ең бастысы, қазақ болудан қашпауымыз қажет.

    Билік пен халық арасына алтын көпір болып, жұртқа жақсылықты жеткізуге асығып тұратын, былтырғы жылы ғана 100 жылдық мерейтойын атап өткен Алматы облысындағы абыз басылым ұжымының бастамасы өзге әріптестерімізге және жалпы халыққа ой салып, жалғасын табады деген сенім мол.

Қазақ болайық, ағайын!

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here