Бірінші наурыз Алғыс күні болып жарияланды ғой. Бұл дұрыс та. Кейде күйбең тіршіліктің ағымынан шыға алмай жақсылық жасаған жандарға ризалық білдіруді ұмытып кетеміз ғой. Ал Кеңес заманының мектебінен білім алып, Коммунистік партияның басшылығымен қызмет жасап, темірдей тәртіпке бой алдырған менің замандастарым ешқашан ештеңені ұмытпайды. Жуықта ғана қаламыздағы бұрынғы он үшінші  жалғыз қазақ орта мектебінде ұзақ жыл ұстаз болған Зәуре Кәріпова денсаулығымды білуге келіп, сүйінші сұрады. –

— Халықтың тілегі орындалды. Станция алаңы тазартылып жатыр, — деді.

— Осы мәселеге баспасөзде үндескен едіңіз ғой. Құттықтаймын, — деді. — Жергілікті биліктегі жас басшыларға ардагерлер атынан алғыс жолдаңызшы, -деп  тағы да біраз ардагерлер тілек білдірді.

Мен таңқалдым. 10 жылдан бері дау-дамайға айналып  келе жатқан түйіннің шешіліп, 2018 жылдың 10 қыркүйегінде Жоғарғы Сот өз қаулысымен нүкте қойған  еді ғой. Сонда да қатты  қуанған едік… Пендеміз ғой. Атамекен тағдырына кім алаңдамайды. Енді алаң тағдыры түбегейлі шешілді деп тағы қуанып жатырмыз…

Биліктің тоқсаныншы жылдардағы бір ғана қателігі қаншама аудан әкімінің басын қатырып, жүрегін жаралады. Алаң үшін қаншама әкім заң орындарына жүгініп, күресті. Олар: Р. У. Ким, С. И. Бескемпіров,  Қыдыркелді Медеуов, Қ. Ә. Бисембаев,  С. М. Мырзабеков, Рақымбеков Рауан мырзалар. Бұрынғы әріптестері бастаған істі сәтті аяқтап, жеңіске жеткен аудан әкімі Рауан Рақымбеков қана. Осы алаң дауының күресінде ыстығына күйіп, суығына тонғандар: аудан әкімінің орынбасары Асхат Қалиасқаров, әкімшіліктің заңгері Жанар Ұзақова,  заңгердің көмекшісі Светлана Югай, тағы басқалары.

Мен Қаратал ауданы халқының атынан осы азаматтарға мың сан алғыс айтамын. Тағы бір тілек: “Алаң жастардың жын ойнағына, таксистердің тұрағына айналмай, жолаушылар демалатын саялы да сәнді орынға айналса екен”, — деп айтады ардагерлер.

«Жетісу» базарының тарихын қараталдықтар жақсы біледі. Тоқсаныншы жылдардағы ел басына түскен қиыншылық та жұрттың есінде. Болашақта не болатынын ешкім білмеген. Қандай мемлекет құрылатынын да болжай алмаған. Жекешелендіру науқаны қарқынды басталды. Меншік сатып алуға ешкімнің жағдайы келмеді. Жалақы да, зейнетақы да берілмейтін. Күнкөріс қатты қиындады. Сондықтан қаржысы бар байсымақтар жылжымайтын мүлікті ең арзан бағаға сатып алып жатты. Соның бірі — Үштөбе стансасының алдындағы алаң еді. Ол алғашында сатылмаған. Жері де ешкімнің атына тіркелмеген еді. Тек жағалауынан сауда нүктелеріне орын берілген. Сонан кейін адам сенгісіз жағдай орын алды. Ниязбек Кәрібаев мырза — біздің жерлесіміз. Заң орындарына жүгініп, алаңнан әуелі шаруа қожалығын, сонан соң «Жетісу» базарын ашты да дүрілдетіп сауда нүктелерінен ақша жинай   бастады.

Ақиқатында ол кезде қаламызда жалғыз ғана орталық базар болатын. “Даубай” да кейінірек ашылды. Сондықтан да бәріміз елдің сауда жасап күнкөріске орын тапқанына қуанған едік. Айтары не, кейінірек халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара бастағанда станция алаңының қаланың сәнін де, әнін де бұзатынына көз жетті. Алыстан пойызға отырып жолаушылап келгендер ығы-жығы көріксіз қара базардың үстінен түсіп, реніш білдіріп, қаншама қарғыс жаудырды екен десеңізші. Ондай сөзді мен өзім сан мәрте естідім де…

— Апай-оу, жер жетпегендей стансаның алдын қара базарға айналдырғаны несі жергілікті биліктің? — деген сөзді естіп ұялғаным бар.

Ең сұмдығы қара шалымыз Заң орындарына жүгініп, шаруа қожалығы деген құжатын «Жетісу» базарына заңдастырып алған. Сөйтіп меншік иесі болып шыға келген. Алаңның қалаға тән екенін де ешбір заң орындары бұрын ескермеген.  Меншік туралы айбынды Заңымыз ұзақ жыл бойы кәсіпкер, қара шалымыз Ниязбек Кәрібаевты қорғап келді.

Ауданға келіп-кетіп жатқан  әкімдердің біразы басқа жақтан жер ұсынды. Базар қожайыны алмады. «Жайлау» жаңа базарынан алдын ала тізім жасап, саудагерлерге орын да берілді. Көбі жаңа базарға барды. Ал біраз саудагерлер екі базардан орын алып, ісін жүргізіп, екі жеп биге шықты…

Бұл мәселе өткен жылдарда қаншама рет заң орындарында қаралды десеңізші… Кәсіпкер жеңістен жеңіске жетіп отырды… Жеңімпаз болған соң ғой базар ішінен ешкімнен рұқсат құжат алмай заңсыз құрылыс жүргізген.

Ақиқатында  алаң  иесі Үштөбе қаласы еді… Жаңадан қабылданған қаланың бас жоспарында 2009 жылдың 15 қазанында станция алаңын қалпына келтіріп, абаттандыру белгіленген. Станция жөндеуден өтті. Ал алаңды заңсыз құрылысты сот шешіміне орай бұзып, заңсыз жасалған темір қоршауды алудан ақсақалымыз тағы бас тартып,  тағы шағым жазып, істі ұзаққа созды.

Біз қайта-қайта қаралған сот шешімдерін арқау етіп, «Қараталда» бірнеше мақала жарияланған болатын. Тоқ етері Алматы облысының 2017 жылдың 9 қарашасында ауданаралық экономикалық соты арнайы шешіммен жеке кәсіпкер Н. А. Кәрібаевқа базардың қоршауы мен заңсыз салынған құрылысты бұзуды жүктеген болатын… Бұдан кейін де іс бірнеше рет қаралып, ақыры   Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына жіберілген болатын. Жоғарғы Сот бұл істі қайта қараудан бас тартты.  Неге?

Анықтамасы: дау-дамайға айналған Үштөбе  стансасының  алаңы Қаратал  ауданының әкімшілігіне мемлекеттік мұқтаж үшін қажет. Үштөбе қаласын көркейту жөнінде жаңа бас жоспарда алаңды архитектуралық жоспар бойынша жаңалап көркейту көзделген. Бұл мемлекеттік тапсырманы жүзеге асыру үшін алаңды өз иесі — Үштөбе қаласына қайтару мұқтаждығы туындаған. Шындық осы!

Алматы облысы сотының шешімін өзгертуге талпынып, қара шалымыз тағы да жоғары жаққа арызданды. Оның бұл әрекетінен ештеңе шықпады. Сот шешімі өткен жылдың желтоқсан айының соңында өз күшіне енген болатын. Оны дер кезінде орындаудан «Жетісу» базарының қожасы тағы бастартты. Сонда не ұтты? Уақыт ұтты. Сот шешімін мезгілінде орындамағаны үшін 2140450 теңге айыппұл төлейтін болды.

Бұл мақаланың мақсаты — кәсіпкерді айыптау емес, (Құдай сақтасын) демократиялық қоғам құрып жатырмыз ғой. Әркімнің өз еркі өзінде. Десек те қадірлі жерлесімізден алаңды босатып, көркейту — халықтың тілек-талабы, жолаушылардың қамы, аудан орталығының сәні мен салтанатын арттыру екенін ескеріп,  даналық әрекет күткен едік… Қара базар өткен жылдарда сатып алынған құнын миллион есе өтеген еді ғой… Сонда отаншылдық, патриоттық сезім, ел мүддесі, адами  парыз бен қарыз  қайда қалды, қария?

Мәкен ӨСЕРБАЕВА,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

Қаратал ауданының Құрметті азаматы.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here