Қараша айының 23 күні өңіріміздің киелі орындарын зерттеу мақсатында шалғайда жатқан Бәйшегір және Қызылбалық ауылдық округтеріндегі заманында дуалы сөзімен елді ауызына қаратқан, сөз бастаған шешен, қол бастаған батыр бабалар жолын жаңғыртқан «Киелі мекенім – Қараталым» экспедициясы ұйымдастырылды.
Былтырғы жылы Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» һәм «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жайында кеңінен тоқталған еді. Міне, осыны басшылыққа алған экспедиция мүшелерінің құрамында І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің география және экология кафедрасының профессоры, география ғылымдарының кандидаты Еркін Тоқпанов, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Ришат Тұрғанбаев, аудандық ішкі саясат бөілімінің басшысы Назкен Игенбаев, Б. Римова атындағы орта мектеп- гимназиясының директоры, география пәнінің мұғалімі Ғалымжан Диқанбаев, аудандық «Қаратал» газетінің бас редакторы Асхат Өмірбаев, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Нұржан Рахметқазынов секілді азаматтар болды.
Саяхат барысында киелі орындардың картасы әзірленіп, батыр, би, әулие болған бабаларға қатысты аңыздар мен тылсым әрі тың фактілерді жинау басшылыққа алынды. Экспедиция мүшелері Мықтыбек батыр, Бақай батыр қорымына, ақын-сазгер Пышан мен Жәлменде би Байшығашұлына қойылған ескерткішке, Тілеуғұл батыр мен Арқабай әулие және заманында тұлға болған басқа да әулиелердің бейіттеріне барып, тәу етті. Өлкенің тарихын жақсы білетін жергілікті жердің адамдарымен кездесіп, экспедиция мақсаты түсіндірілді.
— Бұл экспедицияның басты мақсаты — Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданымыздағы киелі орындарды тіркеу, кітапқа кіргізіп, өздеріңіз секілді үлкен адамдардан аңыз-әңгіме, әпсаналарды біліп, жинау. Ғылыми жетекшіміз – Жетісу университетінің география ғылымдарының кандидаты, профессор Еркін Тоқпанов. Бұл кісінің көмегімен экпедиция қортындысында арнайы кітап шығарылып, бейнефильм түсіріліп, Қаратал өлкесінің жер-су аттары, батыр, би бабаларымыз жайлы мәліметтер мемлекеттік деңгейде киелі жерлер георафиясы бағдарламасының бір бөлігі ретінде арнайы тіркелетін болады, — деді аудандық ішікі саясат бөлімінің басшысы Назкен Игенбаев.
Ақжар ауылына жақын жерде ірге тепкен Мықтыбек батыр кесенесіне ат басын бұрған экспедиция мүшелері марқұмның рухына тағзым етіп, құран оқыды. 1760-1825 жылдары аралығында өмір сүрген Мықтыбек батыр туралы әңгіме өрбітті. Жалайыр руының Бәйшегір аталығынан шыққан, ел қорғаған, кедей-кепшіктің қамқоршысы, ел бірлігін сақтаған азамат болғаны айтылды. Бабаның күмбезді бейіті алыстан менмұндалап, талай жыл өтсе де жақсы сақталған екен.
Облыстық «Жетісу» газетінің тілішісі Рищат Тұрғанбаев:
— 1995 жылдары Пышан атамыздың тойы болды. Бұл кесене сол тойдың алдында халықтың қаражатымен салынды. Арық-тыным Бәйшегілрдің ішінде Тоқал деген ел бар. Сол атаның ұрпақтары да көп үлес қосты. Арықтыным-Бәйшегірдің балалары атқа шапса да, жауға шапса да, осы кісінің атын атап шапқан. Кейде мұны аруаққа сиыну деп жатады, бұл олай емес. Бұл біріншіден, аруақты құметтеу, екіншіден сол кезде әр ру ауыл-ауыл болып отырды ғой. Ол кезде қазіргідей емес, бәйгеге қаншама ат шабады. Тобырдың ішінен кімнің кім екенін қайдан білген? Сол кезде көмбеге жақындағын кезде Мықтыбек ұрандайды екен. Сол кезде «Е, мынау Тағай атаның ауылының балалары» екен деп, елді ажырату үшін айтылған. Мықтыбек ата – біздің ұранымыз. Әлі күнге дейін бәйгеге шапқанда атамыздың атын айтып шабамыз, — деді.
Экспедиция мүшелері Алмалы ауылының барып, Бақай батыр жерленген жерді білетін, жол көрсететін азаматтармен тілдесті. Ауылдан отыз шақырымдай жерде орын тепкен Бақай батырдың қорымына жетудің өзі қиындық тудырды, себебі жолдың бойына ши, шеңгел өсіп кетіпті. Ауыл азаматы Түгелбай Әрінов жол бастап, елсіз даламен барар жерге адастырмай жеткізді. Елсіз далада төрт жағында күмбез орнатылған бейіт көрдік.
— Бұл Мұса деген адамның бейіті. Бірақ моланың ішінде өзі жоқ, — деді Түгелбай аға. «Жоғы қалай?» деп сұрадық. Жол бастаушымыз бейіттің тарихын айтты.
— Мұса деген жетім бала болыпты. Ағасының үйін паналапты. Ер жеткенде бір қызды ұнатып, сөз байласыпты. Мұса қыздың әксене барып, қызын сұраса, әкесі: «Қаңғыған жетімге қызымды бермеймін» депті. Ағалары да қарсы болыпты. Бір күні әлгі бишара қызды алып қашады. Мұны естіп, ашуға мінген қыздың әкесі:
— Әкеңді ұрайынның басын келіп әкеліңдер, — деп Мұсаның соыңынан төр жігітті жібереді. Мұса қарулы жігіт болса керек. Соңынан қуып келген жөрт жігітті жерге алып ұрып, аттарын тартып алыпты. Қыз екеуі екі атқа мініп, екі атты жетектеп кетіпті. Әлгі төрт жігіт ауылға бірнеше күннен кейін ғана келіпті.
— Әй, қыз қайда? – деп сұрайды әкесі.
— Мұса, өзімізді соғып, атымызды тартып алды, — деп міңгірлейді жігіттер.
— Ой, мен оны ез біреу екен деп жүрсем, ер екен ғой, — деп соңынан кісі жіберіп, қызын өз ықтиярымен беріп, еншісін беріпті. Сол мал көбейіп, Мұса өте бай адам болыпты. Көз ітірі кезінде төрт бұрышына күмбез салып, ортасын қоршап өзінеи зират соқтырыпты. Қызылдар келгенде кәмпескеге ілініп, итжеккенге айдалады. Ұрпағы аштан өліпті. Білетіндер бейіттін ішінде адам жоқ дейді.
Түгелбай Әріновтың Мұса жайлы айтқан әңгімесін тыңдап Бақай атаның басына да жеттік. Қыр басындағы батыр бабаның басына келгенде зираттың кірпіштері бүлінгенін көрдік.
— Бақай атамыздың сүйегі Мойынқұмда болды. Содан аруақ бір туысының түсіне кіріпті. «Апырай, бұл кісіге не болды» деп барса, өзең аңғарындағы жар құлап, бейітке жақындап қалыпты. Содан жігіттер жиналып барып, сүйегін қазып, осы Қаңғай деген жерге қайта көміпті. Бұл енді 1958 жылдар болса керек. Бабаның сүйегін қайта жерлеуге менің бір атам қатысыпты. Сол атамнан естігенім, Бақай батырды қайта қазып алғанда астында құстың жүні секілді бір мамықтың үстінде жатыр екен дейді, қасиетті адам болған ғой, жарықтық! — дейді ауыл ақсақалы Түгелбай Әрінов.
Біз ауыл тұрғындарынан «Бақай батыр қайта жерленгенде неге әкесі Мықтыбектің жанына жерленбеді?» деген сауал қойдық. Мықтыбек батырдың қорымы жолдың бойында ғой, әрі-өткен адамдар бет сипап, дұға қылар еді деген ой келген.
— Ауылдағы үлкендердің айтуынша, Мықтыбек батыр Қаратал өзенінің бергі жағына, ал Бақай батыр өзеннің арғы жағына тегін қойылмаған. Ол кезде жаугершілік заман болған. Қай тұстан жаудың келерін білмейсін. Сол кезде үлкендер бабаның аруағы қолдап жатсын деп, Бақай батырдың сүйегін қайта жерлегенде Қараталдың арғы жағына қойыпты, — дейді Қаңбақты ауылдық окрігі әкімдігінің бас маманы Әлішер Тілеуқасым.
Мықтыбектің баласы Бақай батыр атқа ерте жастан қонған, айбынды, болмысы-бітімі рекше жан болса керек. «Аумағымды аман қыл, төңірегімді түгел қыл» деп отырып, әділдікті ту еткен дейді. Ел ауызында Бақай батырдың малды барымталап кеткен Оңғар батырдың үш қамыспен сұлатқаны жайлы айтылады. Ауыл азаматтарынан «Бақай батыр туралы қандай тың деректерді білесіздер?» деп сұрағанымызда:
— Бақай батырдың бір ұлы әйелімен жанжалдасып, арты үлкен дауға айналды. Сөйтсе әйелі күйеуін бақанмен бір ұрып өлтіріпті. Ауыл адамдары қаралы хабарлы Бақай батырға естіртіп:
— Ердің құнын төлетейік, — депті. Сонда Бақай тұрып:
— Байтал теуіп өлтірген айғырда құн бол ма, керегі жоқ,- деп алмай қойыпты. Еркек әйелді емес, әйел еркекті өлтіріп қойғанына намыстанған ғой, — дейді Түгелбай Әрінов. Ол кісіні Бақай батырдың екі арманы болғаны туралы айтты.
— Батыр әбден қартайып, төсек тартып жатқанда замандастары «Бақай ата, қандай арманыңыз бар?» деп сұрайды. Сонда Бақай батыр: «Тоқсан тоғызға келгенде Алла тағала бір жас қимай жүзге келмедім, бір. Екінші, Дөдебайдан жүйрік ат мінбедім» депті. Батыр 99-ға келіп қайтыс болған ғой. Ол кезде жаугершілік заман, барымталап шабады. Дөдебайда атқа, ұрыларға жеткізбейтін жүйрік болыпты. Буратышқан дейді, мына Новосібірдің бер жағындағы жер. Сол жерде бір адам қой бағып отырса, бір қап арқалаған біреу жүгіріп келеді дейді.
— Әй, тоқта қайда барасың? — дейді қойшы.
— Төменге, Сарыесік-Атырауға барам.
— Арқаңдағы не?
— Тары. Нағашыларым берді,- дейді Дөдебай.
— Әй, сенің есің дұрыс па? Балқаш қайда, сен қайда? Қалай жетесің? – депті жердің шалғайлығын меңзеген қойшы.
— Жүгіріп жетем.
— Мына қабыңмен жете алмайсың, — депті қойшы.
— Жетем.
Сөйтіп, екеуі дауласып, бәстесіпті.
— Әй, мына тарымның үстіне бір қойыңды байла, егер маған алсаң тарымды тастап кетемін. Егер жеңілсең қойыңды алып кетемін, — дейді. Қойшы қойды тырмыстап байлап беріп, Дөдебай «Ал, кеттік!» деп тұра қашады. Қойшы соңынан тұра қуады. Дөдебай ұзап барады, жеткізбейді. Жүйрікке жете алмайтынын білген қойшы:
— Ойбай, тоқта! – деп айғай салады. Дөдебай тоқтап, жөн сұрасады.
— Атың кім сенің? –десе, «Дөдебай» депті. Міне, сондай желаяқ кісі болыпты. Арғы заманда ертегілерде болады ғой, сол секілді жүйрік. Бірақ Дөдебай екі жүз жылдың маңында өмір сүрген, — деді Түгелбай аға әңгімесін аяқтап.
Экспедиция мүшелері Дөңши ауылының маңында келіп, Сарыесік – Атырау бойында есімдері елге танымал болған Желмеңде би мен Пышан болысқа орнатылған ескерткіш белгіге барды. Соынмен бірге қазіргі таңда қуаныш Бұлажанов отырған қыстақ маңындағы, қыр басындағы ескерткішті де назардан тыс қалдырмады.
Жалайырдың Арық аталығынан тарайтын Жәлмеңде қарапайым шарудан шықса да, ақылдылығы, әлділдігінің арқасында 16 жасында старшын, 17 жасында би, 18 жасында болыс болған екен. Бай мен кедейді теңдей көрген Жәлмеңде 57 жасында өз еркімен болыстықты тастап, Меккеге қажылыққа барып, қайтар жолда көз жұмғаны айтылды. Сондықтан оның сүйегі жат елде қалып қойса керек.
Ақын, әнші, сазгер Пышан Жәлмеңдеұлы ел билігіне ерте араласып, он сезігі жасында би болған. Кеңес өкіметі тұсында Жетісу өңірінде осы қызметіне қайта сайланады. Десе де, «Іштен шыққан жау жасан демекші», күндес ағайындары көре алмай, 1921 абақтыға қамалып, ату жазасына кесіледі. Қазір Пышан ақынның сүйегі Талдықорған қаласындағы Шайқорған бейітінде.
— Жәлмеңдеге дейін Іле-қаратал бір болыс болған ғой. Жәлмеңде Қараталды бөліп алған. Бір бәйгеге барғанда найманның бір шалы Жәлмеңде жайлы мынандай бір әңгіме айтып еді, — Түгелбай Әрінов. — Көлтабан деген жерде найманның екі байы жерге таласып, төбелесіпті. Біреуі шатақтау екен, екіншісінің құлағын кесіп алыпты. Құлағынан айрылған әлігі бай шатақ шығарып бір күні Жәлмеңдеге барыпты.
— Би, ана бай менің құлағымды жұлып алды, оған ешкімнің шамасы келмеді. құнын алып береңіз, — деп қолқа салыпты. Сөйтсе әлгі сотқар байға ешкімнің тісі батпайды екен, адуынды біреу болса керек.
— Құлағыңды не ішін жұлып алды? — деп сұрайды Жәлмеңде.
— Бар жазығым — жеріне мал жайып едім, — дейді жәбір көрген адам.
— Қайда отырады? — деп сұрайды Жәлмеңде.
— Көлтабанның маңында.
— Көктемде барамын, — дейді Жәлмеңде. Көктемде Жәлмеңде бір атқа мініп, екінші атты жетектеп, әлгі сотқар байға барыпты. Жәлмеңде зор денелі, салмақты ксі болса керек, бір ат көтере алмайды екен. Барса, әлгі бай үйінен шықпайды дейді.
— Сүндентелген адамсың ба, шықпайсың ба? – дейді Жәлмеңде аттан түспей. Анау да қыршаңқы тілді біреу екен:
— Маған әкіреңдейтін сен кімсің ей?! – деп дүрсе қоя беріпті.
— Құдайы қонақпын, — депті Жәлмеңде.
— Ой, әкең… Қыз айттырайын деп келіп пе едің?! – депті әлгі айылын жимай. Жәлмеңде әлгі сотқар кісі жақындай бергенде шап беріп ұстап алып, ат үстіне өңгеріп алыпты. Жәлмеңде дәу, салмағы 240 келі екен. Әлгінің құлағын әбден уқалап, шыбын жанын көзіне көрсетіпті.
— Ойбай, құлағым! Ойбай, өлдім! – деп бақырыпты сотқар.
— Құлақ керек болса, біреудің құлағына неге тиісесің? – депті Жәлмеңде. – Бересіңде кесіп алған құлақтың құнын?
— Берем, ойбай, берем, — дейді құлағы ауыртып кеткен бай. Сөйтіп, Жәлмеңде құлақтын құнын алып беріпті.
Экспедиция мүшелері Көпбірлік ауылына барар жолдың оң қапталында жатқан Арқабай әулие, Тілеуғұл батырдың басына барып, құран бағыштады. Қызылбалық ауылдық округінің әкімі Дүйсенқұл Әшірімбетов бастаған ауыл азаматтары кезінде қасиетімен ел ауызында жүрген тұлғалар жайлы әңгіме өрбітті. Ауыл тұрғыны Құдайберген Елшібеков баба жайлы білгенімен бөлісті.
— Бала күнімізде Арқабай әулиенің басына барамыз деп екінің бірі айтатын. Мына Тілеуғұл бабаның тасы 70-шы жылдары өрнатылды. Содан бастап Тілеуғұл батырдың басы болып кетті. Бұрын бұл айнала ағашпен қоршалған жер төрт бұрышты бейіт болатын. Үлкендердің айтуынша, Тілеуғұл батырдың өзі айтыпты деген мынандай сөз бар: «Менің қолым қанды еді, қаншама адамды өлтірдім. Мені өлгенде Арқабай әулиенің аяқ жағына қойсаңдар да ырзамын» депті. Арқабай әулие осы жерде жатыр. Бұл темір қоршау 2005 жылы бабалардың басына ас берілген жылы қоршалды, — деді Қ. Елшібеков.
Ауыл тұрғындарының айтуы бойынша, Тілеуқұлдан – Отарбай, Отарбайда – Сәдуақас, Сәдуақастан – Исағали, Исағалиден Марат туады. Сол Тілеуқұл батырдың ұрпағы Марат бізбен бірге экспедиция қатарында болды.
— Арқабай әулиенің әулиелігін білемін, -деді Құдайберген Елшібеков. – Ол кісі осы жерді қныстанып, қой бағып жүріпті. Әулие кісі болыпты, айтқаны тура келіпті. «Ал, бүгін жау шабады» десе, халық сол уақытта жиналады екен. Ол кісі алдын ала бәрін біліп отыратын көріпкел адам болыпты. Үлкендердің айтуынша, қабағы түсінкі болыпты. Қабағын ұнаған адамына ғана қамшымен ашады екен. Бірде екі жігіті атпен кетіп бара жатқанда Арқабай әулие төбенің басында тұрған ғой. Жігіттің бірі: «Анау тұрған Арқабай әулие ғой, барып сәлем берейік» десе, екіншісі бұрылмай кеткен ғой. Сонда Арқабай әулиеге келіп амандасқан жігітке «Қап, орнында қалтырар ем, оққағары мықты екен ғой» депті.
— Бірде Арқабай әулие соғым басына келе алмапты. Сол кезде Ерболған деген батыр болыпты. Соғым басына келе алмаған соң сыбағаңыз деп Арқабай әулиеге ет беріп жіберіпті. Сөтсе ауылдың қулары еттің арасына барымтадан түскен малдың етін араластырып жіберіпті. Соны сезіп қойған Арқабай әулие әлгі жігіттерді дастархан басына шақырып алып, еттерді бөліп:
— Мынаны мен жейін, мынаны өздерің жеңдер, — деп арам асты жемей қойыпты. Әулие кісі болған ғой, — дейді Түгелбай Әрінов.
Көпбірлік ауылынан 8 шақырым жерде орналасқан Тілеуғұл батыр Тілеубайұлының ескерткішіне де келіп жеттік. Жалайырдың Арық аталығынан тарайтын Тілеуғұл батыр Жоңғар шапқыншылығының ауыр азабын бастан өткізіпті. Жалайырлар Сыр бойына көшкен шақта, Тілеуғұл 8 жасар бала екен. Ел қайта көшіп келгенде Тілеуғұл батыр ер жеткен еді. Сыр бойынан көшіп келгендерді Қараталдың төменгі бойына орналастырады. «құлыны шауып тай болатын, бие сауып қымыз болатын жер екен. Ата қонысы осы баолады дер, риза көңілмен қазық қаққан деседі. Батырдың ұрпағы, Кәріжан Сәдуақасқызы беделді азамат Т. Мұқановтың көмегімен Алматыдан гранитті көктас әкеліп, батыр бабсының басына орнатады. Кейін ескі қорымның төңірегі шойын шарбақпен қоршалған екен.
— Жаугершілік заманда Балқаштың жағасында соғыс болған ғой. Тілеуғұл бір күнде жеті қалмақты жер жастандырып, үш ат болдыртыпты.Негізгі қол келгенше Жоңғарларды елге жібермей ұстап тұратыпты. Тілеуқұл батыр кескілескен соғыстан аман-есен қалып, тоқсан жасқа қараған шағында дүниеден өтіпті. Ол кезде ауыл тұрығгады батыр бабасының атын айтып, жауға, бәйгеге шабатын болған. «Ата, бүгін балалар сіздің есіміңізді ұран қылып шабайын деп жатыр», — депті. Сөйтіп, алыстан шаңды боатып «Тілеуқұл, Тілеуқұл» деп бәйгенің аттары шауып келеді дейді. Сонда Тілеугұл батыр ауызынан көбігі бұрқырып жылапты. Жерге тізесі кіріп кетіпті. «Ризамын, ризамын, тірі кезімде аруақ болдым, ұран болдым, — депті. Содан бері Арық-Тыным балалары Тілеуғұл деп шабатын болды, — дейді Түгелбай Әрінов.
Экспедиция мүшелері 2005 жылы Тілеуқұл батырдың 300 жылдығы аталып өткенімен, нақты жасына байланысты дауласты. Иә, тарихты зерттеу, зерделеу – тарихшылардың ісі. Ұрпаққа керегі – ел мен жерін қорғаған батыр бабалардың елеусіз қалған есімін жаңғыртып, ерліктерінен үлгі алу.
«Киелі мекен –Қараталым» экспедицияның ғылыми жетекшісі Еркін Айтұлы:
— Бұл «Мәңгілік ел» болуға қозғайтын жол. Мұны көпшілік түсіне бермейді. Ұзақтан қарасаң, көп дүние жатыр. Баланың санасына Бақай атамыздың, оның әкесі Мықтыбектің батыр болғандығын, Арқабай, аманбай секілді әулиелер өткенін сіңіруіміз қажет. Жас ұрпақ өзінің тарихын білуі тиіс. Міне, осыларды білген кезде біз «рухани жаңғыратын боламыз» деді.
Түйін орнына:
Ришат Тұрғанбаев, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі:
— Біз Қараталды он сегіз әулие жатқан жер дейміз. Бізде батыр, би, әулие бабаларымыздың тұтынған тұрмыстық заттарын, олар жайлы жазылған кітаптарды, экспонаттарды көрсеттетін мұражай жоқ. Мұражай болса әр адамның үйінде шашылып жатқан бабалар дүниелер жиналар еді. Бір ұрпағында суреті, тақиясы, қылышы, сол сияқты көзі тірісінде тұтынған заттары бар. Соны бір жерге жинап, келген қонақтарға көрсететін орын қажет.
Асхат Өмірбаев

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here