Көркемөнерпаздар байқауы

Ақпан айының 7 күні Елтай ауылдық округінде «Жалындаған жастар — елімнің ертеңі» атты көркемөнерпаздар байқауы болып өтті. Дәстүрлі шара биыл Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауына байланысты, аталған шара жастар жылына арналды. Өнер байқауына ауыл тұрғындары мен ауылдық әкімдік ұжымы, білім ошағының ұстаздары мен оқушылары жаппай қатысты.
Сахна шымылдығы ауылдық учаскелік полиция инспекторы Руслан Қанатбековтің «Тәуелсіз Қазақстан» әнімен ашылды. Одан соң, Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін!» өлеңін Нұрбол Сатыбалдиев ерекше шеберлікпен оқып, тыңдармандардың көңілін бір серпілтіп тастады. «Өзбек» биін билеген Әнель Тынышбай өнер сүйер қауымның зор ықыласына бөленсе, Сағынай Сағымбеков соңғы уақытта көпке танымал болған «Мен қазақпын!» әнін нақышына келтіре орындады. Ал ауылдың көпке танымал «Аяулы» әжелер ансамблі халық әні «Әриайдайды» ерекше ықыласпен орындады. Мектеп оқушылары «Бабалар арманы» атты әдеби-монтажды қойылымды ел назарына ұсынды. Жас әртістер жалынды жырларымен отты сөздерін үлкен тебіреніспен айтып, көпшілікке ой тастады. Шара барысында көптеген әндер айтылды. Қатысушылардың шығармашылық қыры мен бойындағы өнерлерін ортаға салған өрендер сахнада өздерін еркін ұстады.
Кеш барысында бұдан өзге де әуезді әндерін, әр түрлі жанрдағы өнерлерін паш еткен өнерпаздар көрермендердің қошеметіне бөленді. Жалпы тыңдаушылар өнердің түрлі жанры бойынша 19 концерттік нөмірін ұсынды. Кеш соңында ауданнан құрылған қазылар алқасының төрағасы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айбек Оңғаров сөз алып, аталмыш шараның мән-маңызына ерекше тоқталып, ағымдағы жылы ерекше өнерімен көзге түскен өнерпаздарға «Алғыс хат» табыстады. Көркемөнерпаздар байқауы 1 ай көлемінде ауданға қарасты ауылдық округ және Үштөбе қаласында өтеді.
Әлия ИСКЕНОВА

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here