Денсаулық сақшылары

Қазіргі таңда жұртшылыққа қалқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан күлкісі – дәрумен, алақаны шипалы жандар бар. Ақ желеңді абзал жандар күні-түні сырқат адамның көңілін сұрап, ауруынан құлан-таза айығып кетуі үшін қолдан келген көмегін еш аямайды. Міне, солардың бірегейі – Бәйшегір ауылдық округіне қарасты Алмалы ауылдық ауруханасының дәрігерлері мен медбикелері.
Адам ет пен сүйектен жаралған соң ауырмай тұрмайды. Біреудің тісі сырқырайды, біреудің балтыры сыздайды. Тіпті, дәрігерге қаралмай, әбден ауру асқынып кеткенде ғана көрінетініміз бар. Біріміз инеден жүрексінсек, екіншіміздің немқұрайдылыққа салынамыз. Ал өне-бойымыз ауырған кезде аһілеп, үһілеп дәрігердің алдына барамыз.
Ауылдық ауруханаға кіріп, мән-жаймен таныстық. Аурухана басшысы Дина Темірқызы ауыл ауруханасын аралатып, ем қабылдап жатқан науқастарды көрсетіп, ұжым жайында әңгіме өрбітті.
Қазір ауыл ауруханасында 24 адам қызмет атқарады. Нақтырақ айтсақ, 1 акушер, 1 патронажды мейірбике, 1 учаскелік мейірбике, 1 тіс дәрігері, 2 жалпы іс-тәжірибе дәрігері бар. Аурухананың бір бөлігі 15 төсектік стационар болса, бір жағы – амбулатория. Стационарда Алмалы, Дөнши, Ақжар ауылдарының халқы қаралады. Қызылбалық ауылдық округіне қарасты Көпбірлік және Қарақұм ауылдарында жеке медициналық пункт бар, әйтсе де аудан орталығынан шалғай болғандықтан науқас адамдар Алмалы ауылының ауруханасына келіп, күні-түні ем алады екен.
Бір қуанарлығы, «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасымен ауруханаға бірнеше жас маман келіпті. Атап айтсақ, Айжан Сайлаубекқызы, Мақпал Сұлтанова секілді жастар осы бағдарламамен ауылға келіп, жоғарғы оқу орнында алған білімдерін ауыл жұртының қажетіне жаратып жатыр.
2006 жылы ашылған аурухананың іші жарық, жылы әрі жайлы екен. Ауыл тұрғындары ауруы асқынған кезде жедел жәрдем көлігін шақыртып жатады. Мұндайда ауыл дәрігерлері антына адал болып, өз қызметін абыроймен атқарады.
— Төтенше жағдай кезінде науқас адамдарды Алмалы, Ақжар, Дөңши, Көпбірлік, Қарақұм ауылдарынан жедел жәрдем көлігімен тасымалдаймыз. Ауруханада ЭКГ аппараты, стоматологиялық кресло бар, лабораторияның аппараттары да жаңа. Қан құрамындағы қант мөлшерін, зәрді арнайы тестпен тексереміз. Қан алған кезде ғана қолмен жасаймыз. Дәрі-дәрмек ауданнан уақытылы келіп тұрады. Диспансерлік есепте тұрған адамдарды тіркейміз, — дейді Дина Қасымова.
Жұртшылық үшін ауылдан шықпай-ақ портал арқылы қажетті дәрі-дәрмек алу, аудан, облыс көлеміндегі дәрігерлерге қаралуға мүмкіндік туды. Әрине, шешіміін таппаған мәселелер де бар екен. Ауыл тұрғындары жылжымалы рентген аппараты келсе екен дейді, өйткені халыққа қажет аппараттың ауылға келмегеніне екі жылға жуық уақыт болып қалыпты. Дәрігерлер ауыл халқын аудан орталығына жолдама беріп, жедел жәрдем көлігімен жіберіп жатады, десек те жасы ұлғайған қарияларға ұзақ жолда әрі-бері жүру қиындық тудырады. Ауыл жұрты ауыл аруханасының қызметкерлеріне дән риза. Дәрігерлер қауымы да көпшіліктің көңілінен шығу жолында аянып қалған емес.
— Осы мекемеде 40 жылға жуық жұмыс жасап келемін. Жаңа туған нәрестеден соқталдай жігіттердің денсаулығы көз алдымда, — дейді Алмалы ауылдық ауруханасының директоры Дина Қасымова.
Дина Темірқызы осы жылдар ішінде денсаулық саласында жүріп, жанына шипа іздеген талай адамға сапалы медициналық қызмет көрсетіп, алғысын алған абзал жан. Өзінің еңбек жолын абыройлы, тиянақты алып жүрген білікті маман. Қазіргі таңда жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруына қол ұшын беріп, көп көмегін тигізіп келеді. Жылдар бойы жинақтаған іс-тәжірибесімен бөлісіп, өзінен кейінгі жас буынға білгенін үйретуден жалыққан емес.
Иә, ауданнан шалғайда жатқан аурухана қызметкерлері уақытпен санаспай елге қызмет етіп жатыр. Мейірімділік пен жылылықты жанына серік еткен, игілікті мамандық иесі атанған ауыл дәрігерлері мен мейірбикелері қашан да сый-құрметке лайық. Ауыл халқының денсаулығын нығайту жолында аянбай еңбек етіп, биік белестерден көрініп жүрген ақ желеңді абзал жандардың еселі еңбектеріне толайым табыс тіледік.
А. ӨМІРБАЕВ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here