Имандылық иірімдері

Ақпан айының 8-і күні Үштөбе қалалық мешітінде республикалық «Қайырымдылық керуені» іс-шарасы аясында Үштөбе қаласының имамы Әбудардан Таласбайдың ұйымдастыруымен қайырымдылық шарасы өтті. Адам бойындағы ізгі қасиеттерді – жомарттық, мейірбандық, қамқорлықты арттырып, имамды күшейтетін игі шараға жұртшылық көптеп қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қасымов жұртшылық алдында сөз алып, қайырымдылық жасау арқылы адамдар бір-біріне мейірімділігі мен сыйластығы артып, тұрмысы төмен отбасылардың жағдайы түзеле түсетінін баяндады. Үштөбе қаласы мешітінің бас имамы Әбудардан Таласбай қайырымдылық адамдардың ықылас-пейілін арттыратын, сауабы зор амалға жататынын тілге тиек етіп, осынау амал жайында ғибратқа толы уағыз-насихат айтты.
— Ауданымыздағы жетім-жесір, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасы, жарымжан жандарға көмек беру үшін кәсіпкерлерге қайрымдылықтың қайырлы іс екенін түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Дүкендер мен халыққа қызмет көрсету орындарын аралап, иелеріне ислам дінінің асыл құндылықтарын дәріптедік. Соның арқасында жаны жомарт жандардың назары қамқорлыққа мұқтаж адамдаға ауып, қайырымдылық жасады, — дейді Әбудардан Нұрсапаұлы.
Қайырымдылық шарасы аясында тұрмысы төмен 45 отбасыға көмек көрсетілді. Нақтырақ айтсақ, 31 бас қой, 7 қап ұн, сондай-ақ азық-түлік тауарлары берілді.
Осылайша, жаны жомарт азаматтардан көмек алған қарапайым халық қатты қуанып, көмек қолын созған азаматтардың отбасына амандық, істеріне сәттілік пен береке тіледі.
Өз тілшіміз

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here