Біздің сұхбат

Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Руxани жаңғыру» бағдарламасы еліміздің түкпір-түкпірінде қызу қолдауға ие болып, әр салада ілкімді істер атқарылуда. Әсіресе, «Атамекен» кіші бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шығып, аудан көлемінде де бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асты. Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Саханұлы Қасымовпен сұхбатымыз осы төңіректе өрбіді.
— Қайрат Саханұлы, бүгінгі күні қайырымдылық мәселесі, нақтырақ айтсақ, әрбір қазақстандық туған аймағын дамытуға өз үлесін қосуға мүмкіндік беріп отырған «Руxани жаңғыру» бағдарламасы жайында, оның ішінде «Атамекен» кіші бағдарламасы турасында айтсаңыз.
— «Атамекен» кіші бағдарламаның мақсаты – азаматтық белсенділіктің жасампаздық формаларын өсіру, бағдарламада бар қағидаларды түсіндіру. Осы арқылы xалықтың жауапкершілігін арттыру. «Атамекен» ішкі бағдарламасы, бірінші кезекте, азаматтық сананы, азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған.
— Бағдарламаның іске асыратын меxанизмі жайлы айтсаңыз. Ол қалай жүзеге асады? Меценаттарды қайдан табасыздар?
— Кіші бағдарламаның екі бағыты бар. Соның алғашқысы — «Әлеуметтік бастамалар картасы». Соның ішінде «Туған жерге тағзым» сияқты жобалар бар, ол инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік инвестициялар арқылы кіші отанға қолдау жасау. Біз осы арқылы адамдарды әрбір нақты мәселе бойынша атсалысуға тартуды жоспарлап отырмыз. Ол тіпті бір көшеге, бір аулаға, бір елді-мекенге қатысты оқшауланған кішкене мәселе болсын, өте маңызды. Бірінші кезекте, азаматтарды тарту олардың өздеріне, күшіне деген сенімділік беруге мүмкіндік береді және сол арқылы табысқа, беделге жеткізеді. Екінші бағыт «Жомарт жүрек» деп аталады, ол – өз елі үшін, өзінің елді-мекені үшін, өзін қоршаған адамдар үшін пайдалы бірдеңе істейтін адамдарға арналған промоушн. Біз бұл жерде жергілікті және мемлекеттік органдарды қоғам тарапынан мойындауды ілгерілетеміз.
— 2018 жылы қандай жобалар іске асты, қараталдықтар туған жеріне қандай көмектер көрсетіп жатыр?
— 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша жалпы соммасы 19 100 000 теңгені құрайтын іске 6 жоба, 2 іс-шара асырылды. Атап айтсақ, латын қарпіне көшу мақсатында 20 наурыз күні Үштөбе қаласының кіре берісіндегі жұрт көзіне жарқырай көрінетін стелла латын қарпімен жазылды. 30 сәуірде Калпе орта мектепке ауыл тұрғындарының бастауымен спорт залына жабдықтау жүргізілді. 25 мамыр күні Көкпекті ауыл әкімдігінің жанында орналасқан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналып жасалған ескерткіштің округ әкімі, ауыл тұрғындары мен жастардың қолдауы арқасында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, ашылу салтанаты өтті. Сондай-ақ, 31 тамызда Елтай атындағы орта мектебінде күрделі жөндеуден кейін қазақ тілі және әдебиет пәнінің кабинеті ашылды. Ал, 13 қыркүйекте К. Тоқаев атындағы орта мектеп базасында «Ойын және спорт алаңының құрылысы» атты жобасы аяқталып, жастарға арналған алаңның ашылуы өтті. Жалпы соммасы 11 млн. теңге болатын аталмыш жобаны «К. Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры» қаржыландырды. Осы тұрғыдан алғанда «Атамекен» бағдарламасының берері мол.
— Ауданымызда жас та болса жаны жомарт азаматтар өсіп келеді. Солар жайында бірер сөз айта кетсеңіз.
— Иә, ауданымызда жас кәсіпкерлер өзінің туған өлкесін гүлдендіру, халыққа қайырымдылық жасауда жақсы қырынан танылып келеді. Солардың бірі – «Бақыт Қаратал» ЖШС басқарушысы Серікжан Жексембиев. Былтырғы жылы ол жас жігіт «Жомарт жүрек» номинациясының жеңімпазы атанды. Жалпы, облыстық «Жомарт жүрек» байқауына 3 үміткердің құжаттары өткізілді. Атап айтқанда, «Жыл меценаты» номинация бойынша С. Жексембиев, «Туған өлке» номинациясы бойынша К. Дүкенбаев, «Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша Е. Қаржаубаева. Үміткерлердің ішінен С. Жексембиев облыстық және республикалық форумдарына қатысып, онлайн дауыс беру нәтижесінде жеңімпаз аталып, марапатталды.
— Қазір адамдардың көпшілігі ең қажет нысан-дарды мемлекет тұрғызу керек деп есептейді. Сіз қалай ойлайсыз?
— Орынды сұрақ. Егер жұртшылық барлығын мемлекет жасау керек деп есептеген кезде ол нағыз «Патернализм» болады. Міне, «Атамекен» кіші бағдарламада осы патерналистік қарым-қатынасты төмендетуге бағытталған. Елімізде мектеп, аурухана, мәдениет үйлері мен спорт сарайларын салған жеке азаматтар бар. Ол азаматтар өлкетану музейлерін, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін, саябақты тұрғызатын қаржатты өздері тапты және олар одан да көп жақсылық жасағысы келеді. Бұл жерде ниеттің өзі өте маңызды.
— Қайрат Саханұлы, аудан іске асқан жобалар туралы айтып кеттіңіз, оқырман қауымға алдағы уақытқа жоспарланған жобалар жайлы да білгісі келеді.
— Ауданда 2021 жылға дейін 9 жоба іске асырылмақ. Биылғы жылы 4 жоба іске асыруға жоспарланған. Бүгінгі күні меценаттарды тарту мақсатында «Қасиетті Қаратал» корпоративтік қоры ашылды. Қор құрылтайшысы — Қаратал ауданы жастарының «Жастар таңдауы» қоғамдық бірлестігі. Қордың директоры — Ибраимов Бакберген Куаталеевич. Егер туған өлкені көркейтуге атсалысам дейтін азаматтар бар болса, БИН 060240019404, № KZ49563B350000106335 есеп-шот нөміріне қаржы аударуларына болады.
— Қорды ашудағы мақсат қандай?
— Қордың ашу мақсаты — қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қалыптастыру, сонымен қатар заман сынағына лайықты төтеп беруге қажетті жобаларды ұйымдастыру және насихаттау. Мысалы, «Туған жерге туыңды тік!», «100 жаңа есім», «Қаратал ауданының киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобаларына қолдау көрсету, білім, мәдениет және спорт саласында белгілі бір жетістікке жеткен жастар үшін грант тағайындау, басқа қалаларда, шетелде тұратын ауданның тумаларын туған жерді көркейту жұмыстарына тартуды ұйымдастыру. Алдағы жылдарға «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша ауданда 2019-2020 жылдарда бірқатар жобаларды алмақпыз. Мәселен, Үштөбе қаласында «Жаздық амфитеатр», орталық алаңда «Ардагерлер мемориалы», «Мемлекеттік рәміздер алаңы», «Бабалар мекені» монументалдық ансамблі, «Бабалар аллеясы» бюсттер аллеясы секілді іргелі жобаларды іске асыру жоспарланған. Жүзеге асыру жолы – демеушілердің көмегі. Осы бағытта бар күш-жігерімізді аямай жұмыс жасайтын боламыз.
-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген Асхат БАҚЫТҰЛЫ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here