Осыдан біраз уақыт бұрын ауданымыздағы «Жетісу» базарының жабылатындығы жөнінде сөз қозғалған болатын. Бірақ көпшілік сеніңкіремей бұл әңгімені қауесет деп жатты. 20 жылға созылған Үштөбе қаласындағы вокзал алаңының дауына 2018 жылдың 10 қыркүйегінде сот қаулысымен нүкте қойылды. Алматы облысының экономикалық соты 2017 жылы 9 қарашада істі қарап, мынадай шешім қабылдаған болатын: «Үштөбе қаласының Б. Момышұлы көшесін-дегі вокзал алаңы «Жетісу» базарының қоршаулары мен құрылысын бұзу жеке кәсіпкер Н. А. Кәрібаевқа жүктелсін» делінген. Міне, осылайша сот шешімі шықты. Енді келешекте ескі базар орнынан не көргіңіз келеді? — деген сауалды аудан халқына қойып көрген едік.

Халық қалауы не?

ЖОЛАУШЫЛАР ДЕМАЛАТЫН

ОРЫН БОЛСА…

Болат Иманұлы, зейнеткер:

– Аудан әкімі Рауан Рақымбековтың бастамасымен ауданымызда біраз шаруалар атқарылуда. Бұл әрине халық үшін көңіл қуантарлық жаңалық.  Ал «Жетісу» базарының орнынан не көргіңіз келеді деген сауалға шынайы. Бұл вокзал маңы болғандықтан, қалаға келіп кетер адам көп. Сондықтан, келген қонақтың күткен пойызымен көлігі келгенше демалатын орын болса деп ойлаймын. Демалатын орынның ішіне ауданның тарихын сөйлеткен еңбектер, жергілікті шеберлер жасаған қолөнер бұйымдары, батыр бабалар ескерткіштері, ауданның тарихы жазылған маңдайша қойылса меймандардың қызығушылығын оятар еді. Сондықтан тарихымызды, жалпы алғанда қазақи қалпымызды танытуға үлкен мүмкіндік беретін орын болар еді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар өз жемісін береді деген ойдамын.

САУДА-ОЙЫН-САУЫҚ КЕШЕНІ АШЫЛСА ЕКЕН…

Ләззат АБЫЛХАНОВА, «Жайлау» базарының қызметкері:

– Менің ойымша ол жерге демалыс орны болса деп ойлаймын. Тек жастардың ғана емес, егде тартқан азаматтардың да әңгіме дүкен құрып отыратын жері болса. Мәселен, өзіміз де кейде аңсарымыз ауғанда жолдың қашықтығына қарамастан Талдықорған қаласына барып, бала-шағамызды «City Plus» сауда-ойын-сауық кешеніне апарып қыдыртамыз. Өзімізде сол жерде дүкен қарап, бір бой жазамыз. Мұндай орын ашудың да белгілі бір талап, тәртібі бар шығар. Дегенмен, тұрғындардың сұранысы өте жоғары екенін ескере отырып, мұндай орындар ашудың бар мүмкіндігін қарастырып көрсе екен деймін.

 

ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН АЛАҢ БОЛСА…

 

Құрманбике Худярова, зейнеткер:

– «Жетісу» базары жабылып, сатушылар «JAILAY» жаңа базарына көшеді дегенді естігенде алғашқы болып қуанған жандардың бірімін. Ал, базар орынан не көргіңіз келеді десеңіз, жастарға арналған орын болса дер едім. Жасыратыны жоқ, қаламызда жастар демалатын орындардың өте аз екені ащы да болса ақиқат. Жаңа салынғалы жатқан орын сол кемшіліктің орнын толтырады деп ойлаймын. Жаңа алаңда жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдайлар жасалғаны абзал. Мәселен, шахмат, үстел теннисі, боулинг ойнайтын арнайы орындар ашылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Аумағы атшаптырым орынды алып жатқан орталықта мұнан өзге де жастардың қажеттілігін өтеу үшін көп нәрселер істеуге болады.

 

Сауалнаманы жүргізген: Әлия ИСКЕНОВА

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here