Әр адамнан өмірде із қалады. Ол ұлағатты ұрпағы, әулет жібін болашаққа жалғайтын. Өмірден өткен ата-бабаларының рухына сыйынып, аманатын жүзеге асыратын. Ал шығармашылықпен шұғылданатын ақын-жазушылар бұл бағытта тым бақытты. Тасқа басылған кітаптары қалса, олардың рухани әлемдегі мәңгілік өмірі басталады.

Мұқағали Мақатаевтың ақын Фаризаға арналған өлеңі бар:

Фариза, Фаризажан, Фариза қыз,

Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.

Біздерді іздейтін жан болса егер,

Шаң басқан архивтерден табылармыз.

Іздеушісі бар адам бақытты-ау. Жаңа жыл қарсаңында Маған Роза Көптілеуқызы келді.  Әкесімен қызметтес болған едім.

— Апай, әкем Жанғабылов Көптілеу аудандық газетте ұзақ жыл қызмет жасаған журналист, ақын еді. Ауданның 90 жылдық мерей тойында аты аталмай қалды, — деді.

— Неге? «Қараталдың» архивіндегі газеттерде жазғандары сақтаулы тұр. Есімін жаңғыртып жүрген ұрпақтары да бар, -деп жұбаттым. Роза маған «Жас жүрек» атты кітап сыйлады. Мұнда 1950 жылдардағы жас ақындардың өлеңдері топталған екен. Солардың көбі атағынан ат үркетін даңқты ақындарға, жазушыларға айналған. Ең таңданарлығы Жұбан Молдағалиев алғы сөзін жазған кітаптан ақындар Зейнолла Шүкіров, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Әнуарбек Дүйсембиев, Тұманбай Молдағалиев, Оразақын Асқар,  Қадыр Мырзалиевпен бірге 108 беттен Көптілеу Жанғабылов та ойып тұрып орын алған екен. Мұндағы 30 жас ақынның біразы жазушы болып кетті. Біразы  журналистика саласына ғұмырын арнаған. Солардың бірі Көптілеу аға 1949 жылдан бастап Қаратал аудандық «Коммунизм жолы», «Путь к коммунизму» (қазір «Қаратал») газетінде еңбек етті. Өмірінің соңына шейін қолынан қаламы түспей тағы бір өлең кітап шығарып, жауапты хатшы міндетін атқарған. Жұмысқа қабылдан-ған жастарға тағылымды тәрбие берген де, жазуға баулыған да мінезі жібектей, еңбекқор осы ағайымыз еді. Өлкемізді дамытуға үлес қосып, халықтың рухын көтеріп, туған жерін жырлап өткен Көптілеу ақынның есімін замандастары, тіпті өскін жастар да ұмытқан жоқ. Ұмытпайды да. Ақынның рухы мәңгілік. Осыдан 60 жыл бұрын жазылған алғашқы өлеңдерінен туған жеріне сағынышы жанар таудау жалындап тұр. Оқырмандарға бір топ өлеңдерін ұсынып отырмыз. Сіз тірілермен тірісіз, Көптілеу аға!

ЖАСТЫҚ ШАҚ

Өмірдің өрге басқан тасқынына,

Үн қатып, зор адыммен бастым шыңға.

Күресте ұлы еңбекке адал болған,

Мақтанам уытты, өткір жастығыма.

ҚАЙЫҢ

Боз қыраудан ақ моншақ тағып қыста,

Бұтағына оралған бұлттар ұшпа

Кең кеуделі алаштай қарт еменді,

Қайта өзгертті көктемдей ғажап ұста.

Маңайында сап түзеп шулап желмен,

Өрімдей боп өріліп өсті емен,

Қайыңдардың қария атасындай,

Жапырағы жырлайды батасындай.

Туған жерде жайқалған сол бір қайың,

Адамдарға сая боп көрген сайын.

Өмірге күнде түлеп өң береді,

Жақсарған менің кәрі бабамдайын.

ҚАРАҚҰМДА

Сан ғасыр жан баспаған алқабына,

Тың болып жансыз жатқан Қарақұмда,

Еңбектің қызыл Туын барғанда алып,

Жеңіспен от жарқ етті қабағында.

Көгермей қуқыл тартып жатқан тақыр,

Жанданды қол сағанда халық батыр.

Төрінде Қарақұмның өмір жайнап,

Зор қуат төсін кернеп бара жатыр.

ТЕКЕЛІ

Жүгірген аң, ұшқан құс,

Болған бір кез мекені.

Көркі бүгін ерекше,

Көз тартады Текелі.

Бір зор қуат кернеген,

Текелінің өзенін.

Оның көзі халықта,

Екендігін сеземін.

Көп қайраты қайнаған,

Неткен алып сел еді.

Бауырында жас қала,

Жылда өсіп келеді.

Дүбірлетіп батыр қол,

Тау бүйірін ақтарған.

Қорғасынды, мырышты,

Кен шығарып тастардан.

Озаттары еңбектің,

Зор табыспен жүр алда.

Қолды созып келеді,

Алпысыншы жылдарға.

ТАСТӨБЕ

Алматыдан ұштым мен,

Самолётпен самғаған.

Туған жерім ұстінен,

Ойымда сен таңдаған.

Өркеш-өркеш шұбалып,

Төменде қыр, тау жатты.

Көздің жауын алады,

Ауылдарым ауқатты.

Құмарта саған Тастөбе,

Төбеңнен ұштым қырандай.

Қолхозымды іргеде

Күзетіп өзің тұрғандай.

Толқындары жалтылдап,

Қараталым қарсы алды.

Тау бауырын алқымдап,

Өскен өркен жар салды.

Электрлі көшесі

Жаныңа нұр құйғандай.

Жаңа өмірдің бейнесі

Келбетінде тұрғандай.

Келдім, көрдім міне, мен,

Емес ескі ауылым,

Еңсесі биік әр үйден

Қарсы алды аға, бауырым.

      Көптілеу ЖАНҒАБЫЛОВ

P.S.: өлеңдер Алматыдағы Қазақтың мемлекеттік көркем Әдебиет баспасынан 1956 жылы шыққан «Жас Жүрек» өлеңдер кітабынан алынды.

Мәкен СӘУЛЕТ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here